Лисаков қаласында әктас өңдеу зауыты ашылады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Лисаков қаласында екі ірі инвестициялық жоба жүзеге аспақ. Бұл туралы орталық коммуникациялар брифингінде өткен баспасөз мәслихатында Лисаков қаласының әкімі Алмат Исмағұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Лисаков қаласында өткен тоғыз айда өнеркәсіптік өндіріс саласы ілгерілеп, 46 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Өсім өңдеуші өнеркәсіпте де байқалады. Мұндағы көрсеткіш 6,1 млрд теңгеге жетіп, өткен жылға қарағанда 29%-ға өскен.

«Өңірімізде әктасты өңдеу зауыты қолға алынады. Жобаға шамамен 3 млрд теңге инвестиция тартылды. 50 жаңа жұмыс орыны ашылуы тиіс. Бұл зауытты өнеркәсіп өнімінің құрылымын әртараптандыру мақсатында «Шаймерден» АҚ қаржыландырады. Тағы бір жобаны «Бобровский Кварцит» ЖШС бастады. Аталмыш серіктестік 9 млрд теңгеге жуық инвестиция салып, карбид кремний өндірісі зауытын ашады. Қуаттылығы – жылына 34 мың тонна. Мұнда барлығы 132 жұмыс орын пайда болады. Жалпы негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 21 млрд теңгені құрады, бұл 2018 жылға қарағанда 31%-ға артық», - дейді Алмат Исмағұлов.

Қала әкімі тұрғын үй құрылысы мен инженерлік желілерді жаңғырту жұмыстарына да тоқталды. Биыл Лисаков қаласында 9 мыңға жуық пәтер пайдалануға берілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда тоғыз есе көп. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 60 пәтерлі жалдамалы тұрғын үй елдің игілігіне берілді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмі аясында бұрынғы жатақхана жөнделуде. Кейін кезекте тұрған мұқтаж жандарға арендалық баспана бойынша берілмек. Қазір кеншілер қаласында тұрғын үйге деген сұраныс аз емес. 695 отбасы кезекте тұр.

Моноқалада спорттық ойын-сауық кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Жергілікті мәдениет үйінде жеке инвестор 97 орынға шақталған кинотеатр ашпақ. Инженерлік желілерді жөндеу бойынша тоғыз жоба әзірленді. Оның алтауы іске асырылуда. Келер жылы су құбырларын жаңарту жұмыстары басталады. Одан бөлек, биыл су және жылу жабдықтарын күрделі жөндеуден өткізуге қажетті қаражат бөлінді.

Соңғы жаңалықтар