Лионель Скалони әлем чемпионатындағы ең жас бапкер атанды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Аргентиналық Лионель Скалони футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатының ең жас бапкері атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Лионель Скалони 1978 жылдың 16 мамырында дүниеге келген. Футболшылық мансабында Аргентинаның «Ньюэллс Олд Бойз», «Эстудиантес», Испанияның «Депортиво» (Ла-Корунья), «Расинг», «Мальорка», Италияның «Лацио», «Аталанта» клубтарында доп тепкен.

2016 жылдан бері бапкерлік қызмет атқарып келеді. 2016-2017 жылдарда Испанияның «Севилья» клубында бас бапкердің көмекшісі болса, одан кейін сол қызметін Аргентина құрамасында жалғастырды.

Ал, 2018 жылдан бері Аргентина құрамасына жетекшілік етіп келеді.

Аталған құрама дүбірлі додада алдымен Сауд Арабиясына 1:2 есебімен жол берсе, одан кейін Мексикадан 2:0 есебімен басым түсті.

Ал, Нидерланд құрамасының бас бапкері Луи ван Гал дүбірлі додада ең егде жастағы бапкер болып отыр. Ол биыл 71 жасқа толды.

Айта кетсек, бұдан бұрын қай елдің біріншілігінен көп ойыншы қатысатыны анықталды.


Фото: Голубович Дмитрий/championat.com
Соңғы жаңалықтар