Лионель Месси спорт карьерасында мыңыншы мәрте жасыл алаңға шықты

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Қатарда футболдан өтіп жатқан әлем чемпионатында Аргентина шабуылшысы Лионель Месси өз спорттық жолында Аустралиямен матчта мыңыншы рет жасыл алаңға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аргентина капитаны спорттық мансабының басым бөлігін Испанияның «Барселона» клубында өткізді.

Атақты команда құрамында Месси 778 кездесуде доп тепті. Лионель қазіргі клубы Францияның «ПСЖ» командасында 53 ойында алаңға шықты.

Сонымен қатар Л.Месси ұлттық құраманың жейдесін 169 рет киді.

Лионель Месси – «Алтын доптың»» жеті дүркін иегері. Ол «Барселонамен» бірге 10 рет Испания біріншілігінің, төрт дүркін Чемпиондар лигасының жеңімпазы атанды.

Үш рет УЕФА суперкубогіне қол жеткізді. Ал «ПСЖ» құрамында өткен маусымда Францияда үздік шықты.

Л.Месси 2008 жылы Бейжің олимпиадасының жеңімпазы болса, 2014 жылы Аргентина құрамасымен бірге әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.

Биылғы біріншілік 35 жастағы Л.Мессидің соңғы чемпионаты болуы әбден мүмкін. Сондықтан ол командасымен бірге барынша табысты өнер көрсетуді көздейді.

Еске сала кетейік, әлем чемпионатында Сербияны ұтқан Швейцария плей-офф кезеңіне шықты.

Бразилияның екі футболшысы әлем чемпионатының қалған ойындарына қатыса алмайды.


Соңғы жаңалықтар