Лифтідегі журналистің өлімі: Кінәлілер 4 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Журналист Айзат Әбдісаматтың өліміне қатысты қылмыстық істе айыпталушылар Кенен Жанабеков пен Жарылқасын Ақжанов 4 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қалалық сотында журналист Айзат Әбдісаматтың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша жарыссөз өтті. Прокурор өз ісіне салғырт қараған кінәлі адамдарды бас бостандығынан айыруды сұрады.

«Кенен Жанабеков пен Жарылқасын Ақжановты 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұраймыз. Олар жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі төмен мекемесінде өтеуі қажет деп есептейміз»,- деді мемлекеттік айыптаушы Асхат Сәрсенбаев.

Жарыссөз кезінде Кенен Жанабеков өз кінәсін ішінара мойындап, кешірім сұрады. Ал Жарылқасын Ақжанов өзіне тағылған айыппен келіспеді. Ал марқұм Айзат Әбдісаматтың күйеуі Қайыржан Ерқасымов ештеңе айтпай, бәрін сот қарауына қалдырды. Жәбірленуші тарап моральдық шығынды өтеген Кенен Жанабековке бос бостандығынан айырмау жазасын тағайындауды сұрады. Ал Жарылқасын Ақжановқа қатысты шешімді соттың қарауына қалдырды.

Еске салсақ, осы жылдың сәуір айында журналист Айзат Әбдісамат лифт есігіне қысылып, көз жұмды. Осы оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің «Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету» бабы бойынша айып тағылды.  Сот басталмас бұрын Айзат Әбдісаматтың анасы кінәлі адамдардың жазалануын сұрады. 

Ертең осы оқиғаға кінәлілер соңғы сөзін айтады.

Соңғы жаңалықтар