Лицензиясынан айырылған Атырау институтының 1640 студенті оқуын қайда жалғастырады

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының студенттері екі университетте оқиды. Ал, студенттер үшін оқу ақысы бұрынғы деңгейде сақталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық білім басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, лицензиясынан айырылған Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының 1 640 студентті екі жоғары оқу орнына бөлінді. Енді 417 студент Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде, ал, 1 223 студент С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде жоғары білім алуды жалғастырады.

«Еліміздегі «Білім туралы» заңның 42-бабының 2-тармағына сәйкес, білім беру ұйымы лицензиясынан айырылған жағдайда, оның құрылтайшысы студенттердің оқуын жалғастыру үшін басқа жоғары оқу орнына ауыстыру жөнінде шаралар қабылдайды. Білім және ғылым министрінің бұйрығымен бекітілген жоғары оқу орындары қызметінің үлгілік қағидаларының 31-тармағына сәйкес, жоғары оқу орны білім беру қызметімен айналысуға лицензиясынан айырылған жағдайда оның студенттері ағымдағы семестр бойы оқуын жалғастыру үшін басқа жоғары оқу орнына ауыстырылады», -деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Өзге жоғары оқу орнына ауысқан студенттердің бейіні мен мамандығы бұрынғы білім беру орнына сәйкес келеді. Студенттердің құқықтарын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында биылғы оқу жылында оқу ақысы бұрынғы деңгейде сақталатын болады.

Атырау инженерлік-гуманитарлық институты студенттерге 18 мамандық бойынша оқыту жүргізген. Онда 87 профессор-оқытушы болған. Институт студенттерін бөлу мәселелері бойынша ата-аналарға арналған «жедел желі» іске қосылған.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау инженерлік-гуманитарлық институты лицензиясынан айырылғаны https://kaz.inform.kz/news/atyrau-inzhenerlik-gumanitarlyk-instituty-licenziyasynan-ayyryldy_a3919161 хабарланған болатын.


Соңғы жаңалықтар