Лепсі ауылының тұрғындары кіреберісін өз күшімен жаңартты

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысы Сарқан ауданына қарасты Лепсі ауылының тұрғындары елді мекенге кіреберіс арка тұрғызды. Осылайша ауылдағы ағайын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасына өз үлесін қосты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Лепсі ауылы бұрын Бөрлітөбе ауданының орталығы болған. Аудан тарағаннан кейін елді мекеннің еңсесі түсіп, қаңыраған ғимараттар көбейіп, халық қалаға қарай көше бастаған болатын. Бірақ кейінгі жылдары ауыл тұрғындары ауызбірлік танытып, жастар Лепсінің жаңаруына күш сала бастады. Ораза айының алғашқы күндерінде жаңа кіреберістің тұсауы кесіліп, арка ауылдың жаңа қақпасына айналды. Лепсі ауылының тұрғындары мен ауыл түлектері ортақ қор құрып, жұмысты екі-үш айдың ішінде өз күшімен бітірді.

«Жаңа кіреберіске шамамен 3 млн теңгеден астам қаржы жұмсалды», дейді игі істің басы-қасында жүрген ауыл тұрғыны Руслан Сәттібеков.

Іскер азамат бұл арканы көтеруде өзіне бірнеше мақсат қойғанын айтады. Біріншіден, туған жер, туған ауылына алғыс айту. Екіншіден, ауылдың ажарын ашуға үлес қосу. Үшіншіден, жастарға патриоттық тәрбие беріп, ауылдан өсіп шыққан азаматтардың туған жерге деген махаббатын ояту.
null

Айта кету керек, Балқаш көліне келуші туристер осы Лепсі ауылы арқылы қатынайды. Сондықтан, бұл кіреберіс - тек ауылдың ғана емес, Жетісу өңірінің беделі. Лепсі ауылының ұйымшыл тұрғындары енді ауыл стадионын салуды жоспарлап отыр.

Естеріңізге сала кетсек, дәл осы азаматтар былтыр Мұқан Төлебаев пен Лепсі ауылының арасындағы жолды өз күшімен жөндеген болатын.

Соңғы жаңалықтар