Ләззат Рамазанова ШЫҰ-ға мүше елдердің көшбасшы әйелдері алдында сөз сөйледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ташкентте Шанхай ынытымақтастық ұйымына мүше елдердің көшбасшы әйелдері бас қосқан халықаралық форум өтуде. Биылғы форум «Тұрақты дамуды қамтамасыз етуде әйелдердің рөлін арттыру» тақырыбын таңдаған, деп хабарлайды ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның баспасөз қызметі.

Онлайн түрде ұйымдастырылған Форумға Қазақстаннан ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Ләззат Рамазанова қатысты.

«Әлем халқының жартысынан көбін қамтитын Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің алдында қазір аймақтық және жаһандық сын-қатерлер тұр. Атап айтсақ, пандемия тұсында ұлт саулығын, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, климаттың өзгеруі сынды ортақ мәселелермен қатар, гендерлік теңдік мәселесі де тұр. Бұл ретте Қазақстанда әйелдердің құқығы және мүмкіндіктерін арттыру, қазақстандық отбасылардың әл-ауқатын жақсарту мәселелерінде үкіметтік деңгейде жаңа механизмдер мен инструменттер қабылданып отыр деп сеніммен айта аламын», - деді Ләззат Рамазанова.

Ұлттық комиссияның басшысы Қазақстандағы әйелдердің сайлауға қатысуы, квазимемлекеттік секторларда басшылық құрамда әйелдер санының артуы және өңірлерде Іскер әйелдерді қолдау орталықтарының ашылуы жайында сөз қозғады. Сондай-ақ Қазақстанда кезең-кезеңмен дағдарысты еңсеру және тұрақты дамудың күнтәртібін ілгерлетуге ықпал ететін Гендерлік теңдік туралы білім орталығын ашу мақсаты бар екенін мәлімдеді.

«Қазіргі уақытта әйлдердің өмір сапасын арттыру жолында баршамызға ортақ мәселелер бар. Сондықтан да осы бағытта жұмыла күш біріктіретін Ортақ іс-әрекеттердің жол картасы қажет. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің уәкілетті органдары арасында гендерлік теңдік саласындағы ынтымақтастық туралы қол қойылатын меморандум ықпалдастықты нығайтуға септігін тигізеді», - деп атап өтті спикер.

Ләззат Рамазанова айтқандай, ерлер мен әйелдер арасындағы теңдікті нақты қамтамасыз ету жолында алда атқарылар іс көп.

«Тепе-теңдікке жетудің өзі жаппай теңдік принциптерін ілгерлетуімізге байланысты. Әйелдердің көшбасы және оң өзгерістердің қозғаушы күші бола алатынын, барлық салаларда пайдалы дағдылар мен жаңа идеяларды алып келе алатынын түсінгеніміз аса маңызды», - деп Ләззат Рамазанова іс-шара қатысушыларына ой тастады.

Сөз соңында Ұлттық комиссия басшысы Форумның жұмысы және қол қойылған Меморандум, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердегі азаматтардың өмір сапасын арттыруға және тең құқылы ынтымақтастық негізіне сүйенген серіктестіктің нәтижесінде, аймақта тұрақты дамуды қамтамасыз ету мақсаттарына жетуге септігін тигізетініне сенім білдірді.


Соңғы жаңалықтар