Лаззат Рамазанова отбасылық зорлық-зомбылықтардың негізгі себептерін атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 31 наурызда ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Отырыста Қазақстан Республикасындағы отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын 2021 жылы іске асыру және нысаналы индикаторларға қол жеткізу нәтижелері тыңдалды. Сонымен қатар күн тәртібіне өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсету бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимыл; әйелдер кәсіпкерлігін қолдау орталықтарының қызметі; ҚР СІМ-нің Қазақстанның гендерлік күн тәртібін халықаралық алаңдарда ілгерілету және гендерлік теңдікті қамтамасыз ету саласында елдің халықаралық міндеттемелерінің орындалуына бақылау жасау мәселелері енгізілді.

Отырысты ашарда Ұлттық комиссияның төрайымы, Парламент Мәжілісінің депутаты Лаззат Рамазанова Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыс ауқымын атап өтті. Ұлттық комиссия басшысы, бұл жұмыста өткір әлеуметтік проблемаларды жедел шешуге басты назар аударылатынын атап өтті. Ұлттық комиссия әлеуметтік белсенді аудитория мен сарапшылар үшін диалог алаңын ұсынады, онда ең көп қоғамдық резонанс алған және неғұрлым егжей-тегжейлі талқылауды талап ететін тақырыптар талқыланады.

Сонымен бірге әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату қажеттігі мәселелері бойынша Бас прокуратурамен, Үкіметпен және жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл күшейтілетін болады.

Аталған мәселелерді тыңдау барысында жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Отбасылық-демографиялық және гендерлік мәселелерді шешуге жәрдемдесу» бағыты бойынша жұмысы ұсынылды. Соның ішінде 322,5 млн.теңге сомасына 135 әлеуметтік жобаның іске асырылғаны көрсетілді. Бұл бағыттағы жұмыстар 5 өңірде - Түркістан, Қостанай, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында белсенді жүргізілгені атап өтілді.

Қорғаныс Министрлігінің басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп құрған «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының оң рөлі атап өтілді. Аталған бірлестік шеңберінде жастарды әскери-патриоттық тәрбиемен, оның ішінде әскери-спорттық іс-шаралар өткізу жолымен қамту 230 мыңнан астам баланы құрайды.

Жалпы, тәрбие жұмысы бойынша қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде 2021 жылы кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар санын 20%-ға төмендетуге қол жеткізілді, бұл Тұжырымдаманың маңызды нысаналы индикаторларының бірі болып табылады.

Халықаралық ынтымақтастықты кеңейту шеңберінде Сыртқы істер министрлігінің гендерлік күн тәртібінде бүгінгі Қазақстан үшін өзекті әйелдердің экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою, ұлттық жоспарлау және бюджеттеу мәселелері бойынша күш-жігерді қолдайтыны атап өтілді.

Отырыс соңында Лаззат Рамазанова күн тәртібін қорытындылай келе, отбасындағы қолайсыздықтың негізгі себептері болып жұмыссыздық, тұрғын үйдің болмауы, отбасындағы зорлық-зомбылық, созылмалы және наркологиялық аурулар, басқа да материалдық проблемалар сияқты әлеуметтік факторлар әлі де орын алып отырғанын айтты. Осыған байланысты Ұлттық комиссия төрайымы жергілікті атқарушы органдардың қиын жағдайдағы отбасыларды анықтау және есепке алу, алдын алу шараларын жүргізуде тығыз өзара байланыста болуы және басқа мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырмалар берді


Соңғы жаңалықтар