Ләззат Рамазанова Әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның биылғы жұмысын қорытындылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ұлттық комиссия төрайымы Ләззат Рамазанова Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның биылғы жұмысына қорытынды жасап, басты нәтижелерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұлттық комиссия төрайымы атап өткендей, биылғы басты жетістік - Қазақстанда отбасы институтын нығайту туралы жаңа заң жобасының әзірленуі.

«Барлық министрлікпен кеңес өтті. Барлық өңірде кездесулер өтіп, талқылау жүргізілді. Жергілікті атқарушы органдардың, сарапшылар мен заңгерлердің, қоғам белсенділерінің пікірлерін білдік. Осы жұмыстың нәтижесінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға қатысты, отбасын қолдауға қатысты нормалар енгізілген құжат дайындалды», - деді Ләззат Рамазанова.

Сондай-ақ ол еліміздің әр өңірінде Отбасын қолдау орталықтары ашылатынын мәлімдеді. Ұлттық комиссия өз тарапынан осы орталықтардың жұмыс істеу қағидаларын, сонымен қатар мемлекеттік органдардың ведомство аралық өзара жұмысының регламентін әзірлеген. Ұлттық комиссия төрайымының айтуынша, енді әкімдіктердің жұмысын бағалауда «әйелдерге қатысты тіркелген тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғаларының саны» көрсеткіші ескерілетін болады. Бұл индикатор жергілікті атқарушы органдардың жұмысын бағалауға (KPI) бірінші рет қосылып отыр.

«2030 жылға дейінгі Отбасылық және гендерлік саясат жөніндегі тұжырымдаманы іске асыру мен жетілдіру жұмысы жалғасын тапты. Депутаттық мандаттарды бөлу барысында әйелдер мен жастарға 30 % квота ұсыну, сондай-ақ жалғызбасты ата-аналар үшін қашықтан жұмыс ұсыну форматын заңдастыру туралы мемлекет басшысы тапсырмасын берді», - деп атап өтті Ләззат Рамазанова.

Биыл Әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға арналған алғашқы орталықтар өз жұмысын бастады. Бұл Ұлттық комиссия, «Атамекен» ҰКП және Ұлттық экономика министрлігі бірлесіп ашқан жоба. Осы орталықтарда қала мен ауылдағы қыз-келіншектерге жеке кәсіп ашуға қажетті кеңестер беріліп, нақты бизнес түрін жолға қою турасында кешенді көмек ұсынылмақ.

«Бір ауыл – бір өнім» атты жаңа жобаны іске асыруға қажетті нормативтік база әзірленді. Бұл әр өңірдің ерекшелігін еске отырып, кооперация құру арқылы ауыл тұрғындарын бірегей өнім шығару ісіне жұмылдыруға септігін тигізер жоба болмақ»,- деді Ләззат Рамазанова.

Сонымен қатар ұлттық комиссия төрайымы еліміз көршілес елдер арасында бірінші болып әйелдердің еңбек ету аясын шектейтін жұмыс түрлері тізімін алып тастағанын жеткізді. Бұл жетістік қыз-келіншектердің құқықтары мен мүмкіндіктерін сақтау турасындағы халықаралық қағидаларды ұстанатын елге тән көрсеткіш екенін атап өтті.

Онымен қоса, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қақтығыстардың алдын алу және оларды реттеуге әйелдердің қатысу құқығы бойынша БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің бірқатар қарарын іске асыру жөнінде биыл ел Үкіметінің тиісті қаулы қабылдауы да басты жетістік қатарында.

«Отбасылық және гендерлік саясат саласындағы соңғы жылдарда іске асырылған барлық жобаны бірыңғай «электрондық кітапханаға» біріктірдік. Бұл Орталық Азия елдеріне арналған өңірлік виртуалды платформа құру жөнінде Ұлттық комиссия көтерген бастаманы жүзеге асыруда бірден-бір алғышарт болмақ. Жақын арада «электрондық кітапхана» кең қолданысқа берілетін болады. Бұл жоба мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың жұмысын едәуір жеңілдетпек. Осылайша, әр азамат отбасы және әйелдерді қолдауға бағытталған барлық жобаның мақсатын біліп, жобалардың қалайша орындалып жатқанынан хабардар болып отырады» - деп мәлімдеді Ләззат Рамазанова.

Сондай-ақ биылғы басты жетістіктің қатарында «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы күрес» және «Экономикалық әділеттілік және әйелдердің құқығы» атты халықаралық екі коалицияға еліміздің қосылуы да аталған. Бұл екі коалиция мемлекет басшысының қатысуымен Парижде өткен «Тең құқылы ұрпақ» атты форум аясында бастау алған.

«Мұндай коалицияларға қатысудың өзі үлкен міндет-талаптарды жүктейді. Және де коалиция қойған міндетті шаралар мемлекеттік деңгейде атқарылуы тиіс. Бір сөзбен айтқанда, бұл - қоғамда әйелдердің құқығы мен рөлін нығайтуға жасалған кезекті маңызды қадам», - деді Ләззат Рамазанова.



Соңғы жаңалықтар