Ләззат Ибрагимова, «Даму» Қорының төрайымы: Кәсіпкерліктің санын ғана емес сапасын да арттыратын кез жетті

None
None
ТАНА. 14 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Биылмен екінші жыл қатарынан елімізде дағдарыстық кезеңде кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдауға арналған «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы жүзеге асып келеді. Бағдарламаның негізгі бөлігін жүзеге асыру үшін Үкіметтің қаржы агенті ретінде осы салада 10 жылдан астам тәжірибе қалыптастырған «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры бекітілген еді.

Ендеше мемлекеттің бизнесті қолдау бағытында не өзгеріс, ал жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдарламада кәсіпкерлердің нақты сұранысы қаншалықты ескерілген? Қордың басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимовамен болған сұхбатта осы мәселелер жайында әңгіме өрбіген еді.

- Ләззат Еркенқызы, Қазақстанда бүгінгі күні қалыптасқан сауда саясаты отандық кәсіпкерлердің мүдделерін қаншалықты қорғай алады?

- Қазақстанда қалыптасқан бизнес құрылымына көз жүгіртсек бұндағы шағын кәсіпкерліктің субъектілері 94 пайызды құрайды. Бұлар орташа жылдық активтерінің ауқымы 60 мың айлық есептік көрсеткішке, яғни 500 млн. долларға жететін компаниялар, жеке кәсіпкерлер, шаруа және фермер қожалықтары немесе жұмысшылардың саны 50 адамға дейін жететін компаниялар. Сонымен қоса, шағын және орта бизнестің өз құрылымындағы сауда кәсіпорындары 40 пайызды құрайды. Жалпы соңғы уақытта елдегі жеке кәсіпкерлер белсенділігі артып, шағын бизнес саны өсіп келеді. Бұны мемлекет тарпынан жүргізілген салықтық жеңілдіктің, бизнесті жүргізу барысындағы оңтайлы саясаттың нәтижесі деп толық айта аламыз. Яғни, бизнеске қатысты мемлекеттік қолдау айтарлықтай. Сонымен қатар, еліміздегі кәсіпкерлер санының өсуінің өзі Қазақстанда жүргізіліп жатқан сауда саясатының отандық кәсіпкерлер мүддесіне толық ықпал етіп отырғанын білдіреді. Әйтсе де, Елбасының алға жүктеген міндеттеріне сәйкес, мемлекет тарапынан жасалатын қамқорлықтың өзі жаңа сатыға көтеріліп отыр. Бұл ретте кәсіпкерліктің санын ғана емес, сапасын да арттыруға көшіп, шағын және орта бизнестің бағытын әртараптандырып, олардың үлесіндегі өңдеуші өнеркәсіпті жандандыруды діттеп отырмыз.

- Мысал ретінде бүгінгі күні тіркелген кәсіпорындар санына тоқтала кетсеңіз?

- Қазақстанда 1 миллионнан астам кәсіпорындар тіркелген, олардың белсендісі шамамен 60 пайызды құрайды. Оның ішінде шағын және орта бизнестің негізгі бөлігін жеке кәсіпкерлер құрап отыр, олардың саны 500 мыңнан асады. Осы тұрғыдан алғанда айта кетерлік бір өзекті мәселе бар. Еліміздегі бизнес құрылымда шағын кәсіпкерлік үлесі аса көп емес. Дегенмен, менің ойымша бұндағы басты проблема бизнестің ұйымдастырушылық-құқықтық құрылымында болып отыр. Мәселен, еліміздегі ортанқол компаниялардың корпоративтік басқаруларында стандарттар әлі де қалыптаспаған. Мысалға айта кетсек, «Самұрық-Қазына» қорының құрамындағы ірі компанияларда корпоративтік басқаруды орнықты ету үшін қажетті шаралар атқарылуда. Басқарушылықтың жаңа стандарттарына үйрету үшін аз қаражат жұмсалып жатқан жоқ. Ал орта бизнес секторына келсек, жағдай түсінікті. Сөзімді тағы бір мысалмен түйіндей кетсем, 2008-2010 жылдардағы дағдарыс кезеңінде Қазақстанның қор биржасында 18 дефолт орын алды. Ең өкініштісі олардың басым бөлігі облигациялар шығарып тұрған өндірістік компаниялар тарапынан болды. Ал бұның себебі не? Әлгіндей компаниялар өзінің даму бағытында соншалықты мән бермей, осы үшін ең арзан дерлік қаржы ресурстарын тартқан болатын. Менің жеке пікірім - олардың басты проблемасы басқарушылық звенодағы кәсібиліктің жетімсіздігінен туындап, дәл осы тараптан корпоративтік процедураларды дұрыс орналастырудың маңызын түсінбей, оған жете мән берілмеді.

- Шағын бизнестегі өңдеуші өнеркәсіп үлесінің аз болуына қатысты проблеманы қалай шешуге болады?

- Расында біздің кәсіпкерлікте өңдеп, өнім өндіруге қарағанда сауданың үлесі басымырақ. Тіпті екінші деңгейлі банктердің кредиттік құрылымына үңілсеңіз онда да сауда үлесінің деңгейі 45 пайыз. Дегенмен, мемлекеттік тетіктің арқасында бұл көрсеткіштерді жағымдыға қарай өзгертуге болады. Мәселен, 2010 жылы Үкімет «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын қабылдады. Бағдарламада тек саудадан басқа барлық өндірістік салаға басымдық беріледі. Әйтсе де, бұл еліміздегі сауда компанияларының кемсітушілікке ұшырағанын білдірмеуі тиіс. Өйткені, өндірістік үдерістегі сауда - өнімді сатудағы ең ақырғы саты. Дегенмен, бұнда да өзара байланыс барынша қабысқаны абзал болар еді. Сондықтан да еліміздің шағын және орта бизнесте әрекет ететін қаптаған сауда компаниялары отандық тауарлармен сауда жасауы керек, ал ол үшін өндірісті дамыту керек.

Осыған орай, «Бизнестің жол картасы-2020» шеңберінде өндірістің өңдеуші саласының барлық секторына қолдау жасау қарастырылған. Бағдарлама негізгі төрт бағытты қамтып отыр. Бірінші - бірнеше құралдар арқылы бизнестің тың бастамаларына қолдау жасау. Бұндай құралдардың негізгісі екінші деңгейлі банктерден алынған инвестициялық несиелердің пайыздық ставкаларын субсидиялау. Қолдаудың осындай түрін иелену үшін заемшы банкке жолығып, қажетті кредитке иеленіп, өндірісті бастайды. Ал осы бойынша алынған кредитте банктік ставка 14 пайызды құраса, мемлекет оның 7 пайызын субсидиялайды. Дәл осы кредитті субсидиялау бойынша біз кәсіпкерлермен 435 келісім-шарт жасадық. Бұлардың барлығы отандық тауар шығаруды қолға алатын кәсіпорындардың жобалары.

Бұдан бөлек, «Даму» қоры «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлерге кепілдендіру тетігін де ұсынады. Бұл да маңызды құралдың бірі. Мәселен, 2008-2010 жылдардағы дағдарыс салдарынан көптеген компанияларда өте ауқымды борыштық жүктемелер қалыптасты. Сондықтан да, қазіргі таңда кәсіпорындарға өздерінің ісін кеңейту үшін кепілдік қамтымдылық жетіспей жатушы еді. Осыны ескере отырып, «Даму» қоры банктерге жоба құнының 50 пайызына дейін кепілдік беруді жүзеге асыратын болады. Бүгінгі күні бұндай 15 кепілдік келісімшартына қол қойылды, қосымша 25-і мақұлданды. Жалпы, екінші деңгейлі банктерден несие алу бүгінгі күні соншалықты қиын шаруа емес. Өйткені қанша дегенмен банктерге заемшы атаулы әрқашан керек. Сондықтан да, мемлекет тарапынан ұсынылған жеңілдіктер арқасында ондай жұмысты жолға қоюға болады.

Несиелік ресурстан бөлек, бизнес үшін маңыздысы инфрақұрылым. Бастаған ісің дөңгелеп кетуі үшін электр энергиясынан бастап ақыр аяғы түзу жолға дейінгі техникалық жағдайдың қамтылуы үлкен рөл атқарады. Сондықтан да «Бизнестің жол картасы» қолдаудың бір тетігі - «индустриялық инфрақұрылым» бағдарын қарастырды. Бұл ретте іс бастаймын, кәсіп ашамын дегенге әкімдік өз қаражаты есебінен индустриялық инфрақұрылым нысандарының құрылысын жүзеге асырады.

Кәсіпкерлікті қолдаудағы төртінші бағыт - «Кадр әлеуетін нығайту». Бұл да кәсіпкерліктің құлашын ашу үшін аса қажетті дүние. Расында былтырғы жылы бағдарлама жүзеге аса бастаған тұста, өндіруші сектор үшін білікті басқарушы кадрлардың жетіспеушілігі анық байқалған еді. Несие алу үшін сауатты бизнес-жоспар жасай білетін, қолдағы қаражатты тиімді жарататын, есеп жүргізе алатын, бір сөзбен айтқанда өндірістің болашақ дамуына дем беретін іске қабілетті адамдар жеткіліксіз болды. Сондықтан да, бұл қолдау бағдарламаға енгізілді. Бұнда да әкімдіктер кәсіпкерліктің әлеуетін арттыру бағытында бизнес-жоспарлар әзірлеуге, маркетингтік зерттеу жүргізуге тегін жәрдем береді. Бағдарламаның дәл осы бағыты бойнша өңірдегі әкімдіктер сервистік қызметтің 7 түріне консалтингтік компанияларды іріктеп, конкурстар өткізді. Атап айтқанда, ІТ-қызмет, маркетинг, сапа менеджменті жүйесі, бухгалтерлік және салықтық есеп, статистикалық есеп, кедендік және заңнамалық кеңес бағыты бойынша компаниялар таңдалды. Өкінішке қарай, бағдарламада қамтылған осындай қолдау түрін білетіндер көп емес. Сондықтан да, сіздер арқылы кәсіпкерлерге құлаққағыс жасап, бұл туралы ақпаратты www.damu.kz сайтынан қарауға шақырамын.

Кадрлық әлеуетті дамытудың тағы бір тетігі «Іскер байланыстар» жобасы. Бұл ретте «Назарбаев Университетінің» нысанында топ-менеджерлер оқыту бағдарламасы жүзеге асады. «Бизнестің жол картасына» қатысатын компаниялар нақты салалар бойынша білімін жетілдіріп, еліміздегі оқуынан кейін АҚШ пен Германияда тәжірибе шыңдауға мүмкіндік алады. Қазіргі таңда шамамен 220 адам осы бағдарламамен оқып шықты.

- «Даму» қоры кәсіпкерлердің өнімдері қаншалықты бәсекеге қабілетті екендігі жайында зерттеулер жүргізіле ме? Әсіресе қордың қызметтерін пайдаланатындар арасында?

-Біріншіден, біз мемлекет үшін басым ретінде айқындалған 20 салада жобаларды жүзеге асырып жатқан кәсіпкерлермен жұмыс істейміз. Яғни, отандық экономиканы дамытуға қажетті өнімдер шығаратын секторлардағы кәсіпкерлермен жұмысымыз жақсы. Екіншіден, «Бизнестің жол картасы-2020» аясында бизнестің аса өзекті мәселелеріне арналған «Бизнес-кеңесші» жобасы бар. Онда кәсіпорынды қалай тіркеу керек, өз ісіңді неден бастау керек, есеп-қисапты, салықты қалай жүргізу керектігін түсіндіру мақсатында семинарлар ұйымдастырылады. Сондықтан да, біз өз тарапымыздан басым сала ретінде танылған 20 бағыттың маркетингтік зерттеулеріне тапсырыс бердік. Жыл соңына дейін «Бизнес кеңесші» аясында бұл зерттеулер арнайы сайтта орналастырылып, БАҚ-тарда жарияланатын болады.

-«Бизнестің жол картасы-2020» шеңберінде экспорттаушыларға үлкен көмектер топтамасы берілетінін білеміз. «Даму» қоры бұл үдеріске қатыса ма?

- Егер компанияның 10 пайыз табысы валютадан тұрса, онда бұл компания экспорттық компания болып табылады. Заңға сәйкес, валюталық табыс табуға тек экспорттаушылардың ғана құқы бар. Ал оларды мемелкеттік қолдауға келсек, біз экспорттаушылардың кредиттерін субсидиялаймыз. Оның үстіне, жаңа бизнес-бастамаларды қолдау бағытында жаңа инвестициялық кредиттерді субсидиялап, «өңделген» тауарлардың 30 пайызы қаржылық қолдауға жататын болса, экспорттаушыларға кешенді қолдау жасалады. Олардың жаңадан алған және қолданыстағы кредиттері де, негізгі қаражаттың кредиттері де, бір сөзбен айтқанда экспортшының екінші деңгейлі банктен алған кез келген кредитіне қолдау болады. Тек бұл тұрғыда бір ғана шарт, жоғарыда айтқанымыздай - компания табысының ең құрығанда 10 пайызы валюталық болуы керек.Бүгінгі күні экспортқа қатысты 45 жоба субсидиялануда. 38 келісімге қол қойылып, тағы 7 келісім қарастырылуда.

Дегенмен, экспорттық бағыт елімізде бірыңғай дамып отырған жоқ. Кейбір облыстарда 6-7 экспорттаушыдан болса, кейбірінде мүлдем жоқ. Бұның өзі әкімдіктер үшін үлкен дабыл емес пе? Өйткені, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде тау кен өндіру және мұнайгаз компанияларына, сондай-ақ акцизге тәуелді өнім түрлерін шығаратын компанияларға қолдау жасалмайды. Яғни, мемлекеттік бағдарлама тек қана шикізаттық емес секторды қолдайды. Соған сәйкес ескерсек, кейбір өңірлерде Қазақстаннан тысқары жерлерге қандай да болмасын шикізаттық емес сектордың өнімін экспорттайтын бір де бір компания жоқ деген сөз.

- Шағын және орта бизнесті қолдаудың мінсіз үлгісі немесе нақты бір бағыты қалыптасқан деп айта аламыз ба? Сіздің осы жөнінде пікіріңізді білгіміз келеді?

- Бұндай үлгілер баршылық және олардың басым бөлігі протекционистік шараларға негізделген. Мәселен, кредиттерге мемлекеттік кепілдік бар, ал егер бұл жобаларда дефолтқа жол берілсе, онда олар бюджеттен қайтарылады. Сондай-ақ, кәсіпкерлік дамыған көптеген елде шағын бизнеске жұртты оқыту бағдарламалары кеңінен жүргізіліп, ең алдымен осыған баса мән беріледі. Бұл тұрғыдан келетін болсақ, Қазақстанда қазірдің өзінде бизнесті дамыту өз деңгейінде қалыптасып, кәсіпкерлікті қолдаудың кешенді шаралары жүзеге асып келеді. Бұл ретте «неге «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша қаржылық агент ретінде «Даму» қоры таңдап алынды?» деген заңды сауал туындауы да мүмкін. Айтайын, өйткені «Даму» Қоры еліміздегі даму институттарының арасында бүткіл облыстарда өңірлік желілері жұмыс жасайтын жалғыз ғана компания. Оның өңірлік кәсіпкерлер үшін тиімділігі де осында. Қордың әрбір облыстардағы филиалы банктердің өңірлік филиалдарымен тікелей байланыста отыр. Нәтижесі мінеки - қолданыстағы субсидиялаудың 477 келісіміне өткен жылдың 9 айында қол қойылды. Ал биыл жыл соңына дейін шамамен 1000 жобаға қолдау жасауды жоспарлап отырмыз. Бұған қауқарымыз жеткілікті. Мәселен, егер кәсіп иесі ұсынған жоба Өскеменде болып, оған банктің филиалы сол қалада қаражат бөлетінін білдірсе, онда «Дамудың» сол қаладағы филиалында келісімге қол қоюға әбден болады. Бұл үшін кәсіпкерлер құжаттарын Астанаға немесе Алматыға жолдап, оның қаралуын сарыла күтпейді. Сондықтан да, бұл бағдарламадағы біздің басымдығымыз айқын.

- Әңгімеңізге рақмет! Еңбектеріңізге сәттілік тілеймін.

Соңғы жаңалықтар