Лаура Демесінова: Замандастарыммен тізе қосып, ел мүддесі үшін еңбек еткім келеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Президенттің кадр резервіне енген «Болашақ» қауымдастығының атқарушы директоры Лаура Демесінова алдағы жоспарымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үздік үш жүз азаматтың арасынан орын алу – бәріміз үшін зор мақтаныш, себебі іріктелгендер тізіміне ене отырып, халық пен мемлекет үшін еңбек ету мүмкіндігіне ие болып отырмыз. Мемлекет басшысы бізбен кездескен сәтінде кадрлық резервке енген жастарды жауапты қызметке келуін қалайтынын, білімді әрі талапты азаматтарға үлкен үміт артып отырғанын айтып өтті. Қазақстанның дамуына аянбай үлес қосатынымызға сенім білдірді. Өмірімнің кейінгі үш айын саралап, талдасам қызмет жолында біршама сынақта жүріппін. Емтихандардан өте жүріп, еліміздің әр өңірінен жаңа дос таптық. Сол достарыммен келешекте ел үмітін ақтап, мемлекеттің мүддесі үшін барымды салғым келеді», - деді Лаура Демесінова.

«Болашақ» қауымдастығының атқарушы директоры қазақ тарихында білімді және білікті азаматтарының ортақ мүддеге топтасқанын айтып өтті.

«Мәселен, алашордашылар ел үшін еңбек еткен ұлтты биікке жетелейтін, жаңаша дамуға бастайтын шоғыр қалыптастырды. Осы орайда, Президентіміздің Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деп айтқанын тілге тиек етуі бекер емес. Сол кезеңде халық үшін аянбай еңбек еткендердің басым бөлігі «орда бұзар» жастың айналасындағы жастар екенін көреміз. Ендеше, Президенттің кадрлық резервін ұйымдастырып, жастарды жауапты қызметке тағайындау жаңа серпін беретіні анық. Мемлекет басшысының тізімге енген жастармен кездесуінде «Мемлекеттік басқарудағы кез келген өзгеріс мұқият зерделенген, ұзақ мерзімді стратегияға сай жүргізілуі керек. Кадрлық саясат мұнда маңызды рөлге ие. Бұл – ең алдымен, мемлекеттің жаңа кадрлық саясатына қатысты мәселе. Оның басты міндеті – мемлекеттік аппаратты жетілдіру және басшылардың жаңа буынына жол ашу. Президенттік кадр резервінің негізгі көздеген мақсаты да – осы. Бүгінгі жастар – мемлекеттік басқару жүйесінің болашағы. Әрқайсыңыздан елді дамытуға тың серпін беретін жаңа идея мен нәтижелі жұмыс күтеміз» деуі де көп нәрсені аңғартады», - дейді ол.

Лаура Демесінова қазірдің өзінде резервке өткен елу бес азамат жаңа қызметке бекітілгенінен хабардар екенін атап өтті.

«Маған да түрлі ұсыныс келді. Әзірге ой үстіндемін. Алдағы уақытта резервке енгендер мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларға жауапты қызметке жіберілмек. Ендеше, кадрлық резервтің әлеуетін толық пайдалануға зор мүмкіндік бар», - деп түйді Лаура Демесінова.

Еске сала кетсек, осыдан бірнеше күн бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттің кадр резервіне енген 300 жаспен кездесу өткізген болатын. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев ел жастарына үндеу жолдады.


Соңғы жаңалықтар