Латынға негізделген қазақ әліпбиін жетілдіруге бүкіл қоғам атсалысуда - Әділбек Қаба

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық жұмыс тобының отырысы онлайн жүйеде өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл ғылыми жиын «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейінгі кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспары» аясында ұйымдастырылды. Отырысқа ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Ж.Д.Құрманғалиева қатысып, жаңа әліпбиді енгізу мәселелері бойынша сөз сөйледі. Отырыс ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының міндетін атқарушы, Орфографиялық жұмыс тобының мүшесі Ә.К.Қабаның төрағалығымен өтті. Отырысқа ғалымдардан тұратын жұмыс тобының мүшелері қатысты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев латын графикасына негізделген жаңа қазақ тілі әліпбиін жетілдіруді тапсырғаны белгілі. Тапсырма берілгеннен берідегі уақыт ішінде құрамында 70-тен астам ғалым бар Ұлттық комиссия жанындағы жұмыс тобы әліпбиді жетілдіруге арналған 8 отырысын өткізіп, Мемлекет басшысы айтқан олқылықтырға жан-жақты ғылыми талқылау жасады. Әліпбиді жетілдіруге бүкіл қоғам атсалысты. Өздерінің жобаларын ұсынды. Осы уақытқа дейін латын графикасына негізделген 40-тан астам жоба ғалымдар тарапынан қарастырылды, ғылыми негізге келетін ұсыныстар ескерілді, артықшылықтары әліпби жетілдіруде назарға алынды. Жобаны ұсынушылардың сапалық құрамы әртүрлі. Филолог, жаратылыстану, техника ғалымдары, жеке азаматтар, кәсіпкерлер және тағы басқа мамандық иелері бар», - деді Әділбек Қаба отырыс барысында.

Оның айтуынша тіл - қарапайым халықтың қолдануына, техниканы меңгеруіне, әртүрлі қаржы-экономикалық жұмыстар жасағанында да қолайлы болуы керек. Сондықтан Тіл комитеті жетілдірілген әліпби нұсқасын еліміздің барлық аймақтарындағы филолог ғалымдар мен тіл мамандары арасында екі рет республикалық ашық талқылаудан өткізген. Зиялы қауыммен, жазушылармен де ашық талқылаған.

«Бұдан бөлек, Білім және ғылым министрлігі арқылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде, өзге де орта, орта арнаулы және жоғары оқу орындарында, яғни мұғалімдер, студенттер, оқушылар арасында әліпби жобалары бойынша сынама жұмыстарын жүргізді. IT мамандардың пікірлері тыңдалды, əріптердің Unicode стандартына сай болуы, компьютерде танылу, оқылу жəне конверторлауға назар аударылды. Ғалымдардан құралған жұмыс тобы әліпбидегі әрбір әріптің жазылуын, оқылуын, әдістемелік тұрғыдан қабылдануын, техникалық мүмкіндігін халықаралық тәжірибе мен қазақ тілінің заңдылығы негізінде қайта зерделеді. Талқылау БАҚ-та, әлеуметтік желіде кеңінен жүргізілді. Ғалымдардың әліпбиді жетілдіруге қатысты 700- ден астам ғылыми мақалалары жарық көрді және республика жұртшылығы талқылауға белсенді қатысты. Ғалымдар әліпби жобасын мақұлдаған соң, оның емле ережелері мен пернетақтаға қатысты шешімдері хаттамаға енгізіліп, Үкімет жанындағы Ұлттық комиссия қарауына ұсынылады», - деді ол.



Соңғы жаңалықтар