Латын қарпіне өтуде бірізділік, ортақ қағида болуы шарт - профессор

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат- Латын қарпіне өтуде бірізділік, ортақ қағида болуы шарт. Бұл туралы Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Ғарифолла Есім айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ғалымның айтуынша, бүгінгі күнге дейін  белгілі ғалымдардың қатысуымен латын әліпбиінің қолданысқа енгізілетін нақты нұсқасы құрастырылды. Енді оның емле ережесін анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде.

«Қазіргі кезде емле ережесін құрастыру теориялық жағынан аяқталды. Енді тəжірибеде қолдану ғана қалды. Сондықтан, еліміздің келешегі үшін маңызды шаруа латын жазуына өткен кезде халық білуі, құлақтандырылуы тиіс. Осы мақсатта өңірлерді аралап, өзіміз ұсынып отырған емле ержелерінің халық үшін қаншалықты ыңғайлы жəне табиғи екенін білетін боламыз.  Бұл бізге алдағы уақытта нақтылы бір шешімге келіп, қорытынды шығаруға көмектеседі», - дейді Ғарифолла Есім.

Сонымен қатар, ол латын ғарпіне өтуде асығыстық танытпау қажеттігін ескертті.

«Латын қарпіне өтудің оңы мен солын саралап алғанымыз жөн. Соған талдау жасап, мәтіннің оқу әуезін, әдісін, заңдылығын меңгеріп алуымыз керек. Латын әліпбиіне көшу үшін емле ережесінің сақталуына баса мән берген жөн. Яғни, бірізділік, ортақ қағида болуы шарт. Ертең қолданысқа енгізілген кезде əркім өзінше жазып жүрмеуі тиіс. Сондықтан, баршамызға ортақ əрі қолайлы нұсқасын асықпай таңдағанымыз маңызды», - деп толықтырды Есім Ғарифолла.

Айта кетейік, бүгін Бурабайдағы «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығында латын әліпбиінің қолданысқа қаншалықты ыңғайлы екенін анықтау үшін осында демалып жатқан 230 оқушы сынақ тапсырды. Бұл шараға Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры, ҚР ҰҒА академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Есімнен бөлек, осы орталықтың атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешов, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің төрағасы Қуат Бораш қатысып, еліміздің латын әліпбиіне көшудегі ой-пікірлерімен бөлісті.

Фото: stan.kz

Соңғы жаңалықтар