Латын әліпбиінің жастар үшін енгізіліп жатқанын ұмытпау қажет - Қуат Домбай

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Коммуникация саласының маманы Қуат Домбайдың ойынша, жастар үшін латын әріптері таңсық емес.

Маманның сөзіне қарағанда, латын әліпбиіне қатысты ұсыныстар қашан да көп болады. Сондықтан оны тездетіп енгізген жөн. Күні кеше бір нұсқаны Президентке көрсеткеннің өзі осы саладағы жұмысты тездетіп атқарудың көрінісі болса керек.

«20-жылдары латын әліпбиіне бір жылдың ішінде көшті. 40-жылдары да солай болды. Қазір одан да оңай. Себебі баспа машинкаларын өзгертудің қажеті жоқ. Компьютер бар, пернетақта бар. Қазір нақты бір нұсқаны қабылдап, нақты бір бағытқа түссек, кемшін тұстарын жол-жөнекей де түзетуге болады Ал латын әліпбиін қолдану жағынан қиындық болмауы тиіс. Себебі жастар үшін латын әріптері таңсық емес. Иә, үлкен кісілер үшін ауыр болады. Дегенмен, латын әліпбиінің болашақ үшін, қазіргі жастар үшін енгізіліп жатқанын ұмытпау қажет», - деп атап көрсетті Қуат Домбай.

Естеріңізге сала кетейік, дүйсенбі күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру жобасы бойынша жұмыс тобының мүшелерін қабылдаған болатын. Жиында ҚР Президентіне қоғамдық талқылаулар барысында келіп түскен ұсыныстарды ескере отырып әзірленген қазақ тілінің латын қарпіне негізделген бірыңғай стандартының жобасы ұсынылды .

Соңғы жаңалықтар