Латын әліпбиіне көшуде терең талдау жасап, шешім қабылдаған абзал - Тоқаев

None
None
ҰЛЫТАУ. ҚазАқпарат – Латын әліпбиіне көшуде жан-жақты, терең талдау жасап барып, түбегейлі шешім қабылдаған абзал. Бұл туралы Ұлытау облысында өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тілге байланысты тағы бір маңызды мәселе. Бұл – латын әліпбиіне көшу туралы. Кейбір қоғам өкілдері біз әлі күнге дейін кириллицадан арыла алмай жатырмыз деп, алаңдаушылық білдіруде. Бірақ, ең алдымен, бұл лингвистикалық тұрғыдан өте күрделі мәселе. Осыны жақсы түсінген жөн», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда Президент бұған дейін біз 2 рет латын графикасына көшуге тырысқанымызды еске салды.

«Алайда, соңы сәтті болған жоқ. Сондықтан, бұл мәселеге жан-жақты, терең талдау жасап барып, түбегейлі шешім қабылдаған абзал. Кириллицадан латын әліпбиіне жасанды түрде, тек сәйкес әріптерді өзгерту арқылы көшуге болмайды. Әйтпесе, бұл үлкен қателікке апарып соғады. Ең бастысы, азаматтар, әсіресе, жастарымыз қазақ тіліндегі барлық сөздердің латын графикасындағы жазылу тәртібін анық білуі керек. Яғни, тілімізге арналған орфографиялық қағидаларды қайта қараған жөн», - деді Мемлекет басшысы.


Соңғы жаңалықтар