Латын әліпбиіне көшу жөніндегі жұмыс тобы құрылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін латын әліпбиіне көшу жөніндегі арнайы жұмыс тобы құрылады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Болат Әбдірәсілов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақаласына орай  пікір білдірген ол бұл мәселе 2012 жылдан бастап жан-жақты талқыланғандығын баса айтты.

Сол кезде арнайы топ құрылып,  оның құрамына еліміздің гуманитарлық институттары, Тіл білімі институты, Философия институты кірді. Өзбекстан, Әзербайжан және басқа да елдердің тәжірибесі зерделеніп, әдістері жасалды. Ал Мемлекет басшысының кешегі мақаласында латын әліпбиіне көшудің нақты мерзімі айқындалып отыр. Бұл жұмысты бастадық, бүгін жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданады деп ойлаймын. Оның құрамына ғалымдарымызды, тіл білімі саласындағы мамандарды шақырамыз. Тәжірибе, белгілі бір деңгейде әзірлемелер бар. Меніңше, сәйкесінше шешім де қабылданатын болады», -  деді комитет төрағасы. 

null  

Оның атап өтуінше, латын әліпбиіне көшу мемлекеттік деңгейдегі өте ауқымды міндет.

«Біз көптеген ғылыми сараптамалар жүргізуіміз керек.  Себебі латын әліпбиіне көшу барысында әртүрлі проблемалар шығады. Мәселен, бірінші сыныптан бастап  оқулықтарды өзгерту керек. Бұл өте ауқымды жұмыс. Бізде орыс тіліндегі басылымдар кирилицамен шығады. Ал енді біз қазақ басылымдарын латын әліпбиіне өткізсек қалай болмақ. Халықаралық-саяси да проблемалар бар.  Дегенмен болашақ үшін латын әліпбиіне көшуіміз керек», - деді Әбдірәсілов.     

Соңғы жаңалықтар