Латын әліпбиі қазақ тілін өркениетті әлемнің маңызды бөлігі ретінде қалыптастырады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан 2050» жалпыұлттық қозғалысы қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуіне қолдау көрсетіп, арнайы үндеу жариялады. ҚазАқпарат оқырман назарына аталған үндеуді ұсынады.

«Біз тарихи сәтті бастан өткізіп отырмыз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру туралы Жарлығын Отанымыздың тарихындағы аса маңызды құжат деп санаймыз. «Қазақстан 2050» жалпыұлттық қозғалысы Елбасының бұл бастамасын қолдайды және оны жарқын болашақтың кепілі деп біледі.

Біз қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі мемлекеттің дамуына оң әсерін тигізетініне сенімдіміз. Латын әліпбиі көптеген тілдің әліпбиі ретінде қалыптасты. Оның ішінде түркітілдес елдер де бар. Сондықтан бұл әліпби өзінің тиімділігі мен өзектілігін көрсетіп отыр.

Латын әліпбиі бүгінгі күні миллиондаған адамның ортақ мұрасына айналды. Ондаған туысқан ел осы әліпби арқылы өздерінің бірлігін нығайтып отыр. Біз, «Қазақстан 2050» жалпыұлттық қозғалысы, латын әліпбиі қазақ тілін өркениетті әлемнің маңызды бөлшегі ретінде қалыптастыратынына, латын әліпбиін қолданатын елдермен байланысымызды одан әрі нығайта түсетініне сенімдіміз.

Латын әліпбиі туралы осы уақытқа дейін біраз айтылды, яғни, бұл әліпби технологиялық даму үдерісінде, халықаралық деңгейде байланыс орнататын тілдердің өзегі ретінде қалыптасқанын жақсы білеміз. Қазіргі уақытта бағдарламалаудың барлық жұмысы осы латын әліпбиінің негізінде жасалады. Осының барлығы біздің еліміз үшін маңызды және латын әліпбиі бізге де қызмет етуі тиіс. Мемлекет пен ұлттың дамуының бастауында осындай маңызды қадамның болуы - ұлы іс.

Латын әліпбиіне көшу мәселесі «Қазақстан 2050» стратегиясының маңызды бөлігіне айналуы тегін емес, тіл - бізге айналаны танып, өзімізді дамыта түсу үшін қажет. Сондықтан, мемлекеттің мүддесі мен басымдықтарын ескере отырып, барлық азаматтың жұмылып, күш біріктіретін уақыты келді.

«Қазақстан 2050» жалпыұлттық қозғалысы қазақ тілінің латын әліпбиіне көшу идеясын қолдау арқылы, тілді ұлтты біріктіретін басты фактор ретінде түсінетіндігін жеткізгісі келеді.

Біз алдағы уақытта әрбір қазақстандықтың қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуін маңызды қадам ретінде бағалап, уақыт өткен сайын оның қымбат құндылық екенін түсінетіне сенеміз»,-делінген үндеуде.

Соңғы жаңалықтар