Латын әліпбиі болашаққа қызмет етеді - Дархан Мыңбай

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Латын қарпіндегі әліпби болашаққа қызмет етеді. Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Дархан Мыңбай осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Президентке ұсынылған  қазақ тілінің латын қарпіне негізделген бірыңғай стандартының жаңа жобасы халықтың күткеніне жауап болды. Алдында таныстырылған бірінші нұсқаға қатысты кейіннен көптеген ұсыныстар жасалғаны белгілі. Оның барлығы біздің әліпбиге, мемлекеттік тілге деген үлкен жанашырлықтың көрінісі. Осы орайда ғалымдар мен тіл мамандарының айтқан пікірлері қамтылып, талқылауға емін-еркін мүмкіндік берілді. Екіншіден, шынын айтқанда, мемлекеттік тілді Қазақстанда тұратын барлық азаматтардың білгенін қалаймыз ғой. Сондықтан кеше таныстырылған жоба қолайлы әрі тиімді деп ойлаймын және халықтың көңілінен шығады деген сенімдемін. Өйткені бұл тұрғыда тілге қатысты сабақтастық сақталған»,-деді Дархан Мыңбай.

Оның сөзіне қарағанда, қазақ тілін басқа ұлт өкілдері тезірек меңгеруі үшін әліпби барынша әмбебап болуы тиіс.

«Соңғы ұсынылған жоба басқа тілдерде сөйлейтін адамдарға біздің тілді жылдамырақ үйренуді ынталандыратын нұсқа болып тұр. Атап айтқанда, Елбасының алдында талқыланған осы жоба барлық тараптарды қанағаттандырады деп пайымдаймын. Қазіргі заманның талабын ескере отырып, кеше ұсынылған нұсқа оңтайлы болып отыр»,-деді ҚХА Төрағасының орынбасары.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы 9 қазанда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру жобасы бойынша жұмыс тобының мүшелерін қабылдады. Жиында Мемлекет басшысына қоғамдық талқылаулар барысында келіп түскен ұсыныстарды ескере отырып әзірленген қазақ тілінің латын қарпіне негізделген бірыңғай стандартының жобасы ұсынылды .

Соңғы жаңалықтар