Лас-Вегаста қатты нөсер екі адамның өмірін қиды

None
None
ВАШИНГТОН. ҚазАқпарат – Лас-Вегаста жұмадан бері су тасқыны болып, табиғи апат салдарынан екі адам қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі USA Today-ге сілтеме жасап.

Екі ер адамның денесін жұма күні Лас-Вегас бульвары курорттық аймағының жанындағы су арнасынан қоғамдық жұмыс бригадалары мен өрт сөндірушілер тапты. Кларк округінің билігі қаза тапқандардың кім екенін және өлім себептерін бірден анықтаған жоқ.

Ойынханалар қаласы кейінгі онжылдықтағы ең қарқынды муссон маусымын өткеріп жатыр. Ұлттық метеорологиялық қызметтің мәліметінше, биыл мұнда 32,5 мм жауын-шашын жауған. Бұл – 2014 жылдан бергі ең жоғарғы көрсеткіш.

Лас-Вегастағы ұлттық метеорологиялық қызмет су тасқыны, нөсер жаңбыр, найзағай және екпінді жел болатыны туралы ескерту жасады.

Тасқын сулар көлік қозғалысын бұзды. Сонымен қатар, тұрғын үйлер мен бірнеше казиноға зиян келтірді. Құтқарушылар ағын суда тұрып қалған көліктер туралы үш рет шақырту қабылдаған. Көлік жүргізушілер аман-есен шығарылды. Лас-Вегас қаласының билігі тұрғындарға су басқан аумақтарда көлікпен жүрмеуге және басқа айналма жолдарды іздеуге немесе су тасқыны басылғанша күтуге кеңес берді.

Кларк округінің су тасқынымен күрес аймақтық басқармасының мәліметінше, Лас-Вегас алқабындағы ірі муссондық маусым соңғы рет 2012 жылы болған. Ол кезде 76 мм-ден астам жауын-шашын түсіп, екі адамның өмірін қиған.


Видеодан алынған кадр/cbsnews.com



Соңғы жаңалықтар