Лариса Гречушникова: Сайлауда әйелдерге берілген квота гендерлік саясат тұжырымдамасына сай келеді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданы мәслихатының хатшысы Лариса Гречушникова әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квотаның берілуі депутаттық корпустың жаңаруына жол ашатындығын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ол Өскемен қаласында өткен «Сайлау-2021: маңызы мен ерекшеліктері» атты сарапшылар кеңесінің отырысында мәлімдеді.

«Парламент Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауы таяп қалды. Барлық саяси партияларға сайлау алдындағы дайындық жұмыстарына, сайлау платформасын әзірлеуге уақыт берілген. Биыл халық қалаулылары тек партиялық тізімдер бойынша сайланып, өзін-өзі ұсынатын кандидаттар қатыса алмайды. Бұл қоғамдағы партия рөлінің бұрынғыға қарағанда артқанының белгісі. Енді партиялар белсенділікті арттырып, жаңа бағдарламаларды, тың бастамаларды ұсынуға ұмтылуы тиіс», - деді Лариса Гречушникова.

Оның айтуынша, сайлауда әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квотаның берілуі депутаттық корпустың жаңаруына жол ашады.

«Осындай өзгеріс гендерлік саясаттың тұжырымдамасына сәйкес келеді. Сондай-ақ жастарды саяси аренаға тартудың бірден-бір құралы болмақ. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысы Алтай аудандық мәслихатындағы депутаттардың 50 пайызы - әйелдер. Нәтижесінде қандай да бір тақырыпты талқылағанда жан-жақты пікір алмасуға, кез келген мәселелер туындағанда прагматикалық шешім қабылдауға мүмкіндік туып отыр. Біз депутаттыққа өтетін жас буыннан жаңаша көзқарастар күтеміз», - деді Алтай ауданы мәслихатының хатшысы.

Бүгінде коронавирус пандемиясына байланысты елімізде карантиндік шектеулер енгізілген. Лариса Гречушникованың айтуынша, бұл сайлауға қатысты шараларды өткізудің тәсілдерін өзгертеді.

«Сайлау кезінде халықтың денсаулығы басты назарда болуы тиіс. Сондықтан санитарлық талаптар қатаң сақталып, әлеуметтік қашықтық пен маска режимінің бұзылмауын бақылауды күшейту қажет», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар