Лаңкестікке қатысты қазақстандық Түркиядан экстрадицияланды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Бас прокуратурасы және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін Елдос Күншығаровты Түркиядан экстрадициялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бас прокуратура баспасөз қызметінің мәліметінше, ол 2011 жылы Атырау қаласының аумағында террористік қылмыстарды жасағаны үшін күдіктелген.

Елдос Күншығаров заңға қайшы әрекетінен кейін ізін жасырған еді. Осыған байланысты оған халықаралық іздеу жарияланды.

«Қазақстанның қылмыстық қудалау органдарының түрік әріптестерімен өзара үйлесімді іс-қимылының нәтижесінде күдікті елге жеткізілді.

Қазір Күншығаров Атырау қаласындағы тергеу изоляторына орналастырылды. Сот үкімі шығарылғанға дейін сонда болады», - делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, 2012 жылы қыркүйекте Ауғанстанда моджахедтер жағында соғысып жүрген және Қазақстанда астыртын лаңкестік топтарды басқарған 9 атыраулықтың есімі жария етілген болатын. Солардың қатарында Елдос Күншығаровтың аты да аталды.

Соңғы жаңалықтар