Лаңкестік кезінде әжетханаға тығылған әскери қызметкердің бірі рақымшылыққа ілікті

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласында болған лаңкестік шабуыл кезінде №6655 әскери бөлімінің қызметкерлері Қайнарбек Тастамбеков пен Қайырғали Оразжанов әжетханаға тығылып, кейін оқиға орнынан қашып кеткен болатын. 

Екеуі де сотталды. Ал бүгін Қайнарбек Тастамбеков рақымшылыққа ілікті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

5 маусымдағы лаңкестік оқиғаға биыл бір жыл толады. Террористік акт жасағандардың бәрі ұсталып, сотталған соң, әскери бөлім қызметкерлеріне жаза кесілді.

№6655 әскери бөлімінің қос майоры Қайнарбек Тастамбеков пен Қайырғали Оразжановтың қарулы шабуыл кезінде Әскери жарғыны бұзып, оқиға орнынан кетіп қалғаны дәлелденді. Кейін екеуі ұсталып, үстерінен іс қозғалды . 

Олар Қылмыстық кодекстің «Iшкi қызмет атқарудың немесе гарнизонда кезекшілікте болудың жарғылық қағидаларын бұзу» бабы бойынша айыпты деп танылып, Қайырғали Оразжанов 3 жыл 5 айға, Қайнарбек Тастамбеков 4 жыл 5 айға бас бостандығынан айырылды. Екеуі де жазасын жалпы режімдегі түзеу колониясында өтеп отыр.

Ал бүгін экс-әскери қызметкер Қайнарбек Тастамбековтың Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай рақымшылыққа іліккені белгілі болды. Қайнар Тастамбековтың қорғаушысы Станислав Никифоровтың айтуынша, сот шешімімен оның қорғауындағы бұрынғы әскери қызметкер жазаның 3 жыл 8 айын бостандықта жүріп өтейді.

«Тастамбеков түзету колониясында отыр. Сот отырысы онлайн-режімде өтті. Сот шешімімен «Рақымшылық туралы» Заңға сәйкес Тастамбековтың бас бостандығынан айыру жазасы бас бостандығын шектеуге алмастырылды. Прокуратура қарсы арыз түсірмесе, Тастанбеков қалған 3 жыл 8 айын бостандықта өтейді»,- дейді қорғаушы.

 

Соңғы жаңалықтар