Лаңкестік: 10 күн ішінде Шымкентке келген шығын көлемі есептеледі

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте содырлардың мақсаты қала әкімдігін басып алу болған – деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаппай тәртіпсіздіктен «Түркістан» сарайы, «Көрме» орталығы (толығымен), Ж. Шанин атындағы драма театрына әр түрлі деңгейде зиян келген. Одан бөлек, «Метро» сауда орталығына басып кіріп, барлық спирттік ішімдіктер мен энергетикалық сусындарды алып кеткен. Сауда орталығының ішін қиратып, екі жерде өрт шығару әрекетіне барған және банкоматтар тоналған. Сол күндері лаңкестер көптеген полиция автокөлігі мен қоғамдық автобустарды жағып жіберді. Шымкент қаласына жасалған лаңкестік және жаппай бұзақылық әрекеттерге байланысты қала әкімі Мұрат Әйтеновтің басшылығымен арнайы штаб құрылды.

Қала әкімі зардап шеккен нысандардың барлығын аралап, материалдық шығындарды анықтау үшін құрылған арнайы комиссияға нақты тапсырмалар берді. Алдағы 10 күн ішінде жалпы шығын мөлшері анықталатынын атап өтті.

«Қаладағы қауіпсіздік пен тыныс-тіршілік үшін керекті барлық жұмыстар бақылауымда. Қоғамдық көліктер мен бизнес нысандары штаттық режимде жұмыс жасауда. Антитеррор іс-шарасы жүргізіліп жатқандықтан, қала тұрғындарын барынша үйден шықпауға және балаларды қараусыз қалдырмауға шақырамын. Жастарымыз түрлі арандатушылыққа жол бермей, сабырлық танытуы керек. Қала тұрғындары мен қонақтарын комменданттық тәртіпті сақтауға шақырамын», - деді Мұрат Әйтенов.

Қазіргі таңда қаладағы жағдай тұрақты және бақылауда. Тұрғындардың тыныс-тіршілігі үшін керекті барлық құрылымдар өз жұмысын толыққанды атқаруда.






Соңғы жаңалықтар