Ла Скала театры Астанаға техникаларын 14 жүк көлігіне тиеп әкелді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемге әйгілі италиялық «Ла Скала» театры гастрольдік сапармен Астанаға келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске сала кетсек, 1-9 қыркүйек күндері танымал италиялық ұжым «Астана Опера» театрының сахнасында Джузеппе Вердидің «Фальстав» операсы мен заманауи маэстро Зубин Метаның жетекшілігімен Людвиг ван Бетховеннің №9 симфониясын орындайды

.

Театр өкілдерінің айтуынша, таңдаулы ұжымды Н.Назарбаевтың өзі екі жыл бұрын Астанаға, ЭКСПО-2017 көрмесіне шақырған. Сәйкесінше, дайындық жұмыстары да екі жыл бұрын басталып кеткен.

«Біздің Фальстаф пен №9 симфонияны таңдауымыздың өзі біз үшін бұл сапардың қаншалықты маңызды екенін білдіреді. Фалстаф - Джузеппе Вердидің ең сезімтал, ең ғажап музыкалық шығармаларының бірі. Оны бақилық боларының алдында ұлы композиторлардың бірі Моцартқа арнап жазған. Сол себепті, операның ансамльдік бөліктерін Моцарттың ұлы туындыларымен ғана салыстыруға болады. Ал Бетховен симфониясының ең басты мәні - халықтарды біріктіру, бауырластыру. Оның астарында барлығымыз бір-бірімізге бауырмыз деген ой жатыр. Біздің болашақ ұрпаққа қалдыратын үндеуіміз осы, бауырластық», - деді «Ла Скала» театрының директоры.

Тағы бір айта кетерлігі, танымал театр ұжымы Астанаға толық құраммен келді. Хор, оркестр, солистер мен техникалық қызметті қосқанда, барлығы 260 адамды құрайды.

«Театрмен бірге сахна декорациясы мен керек-жабдықтар тиелген 14 жүк көлігі келді. Дайындық жұмыстары соңғы бір аптада қызу жүріп жатыр. Осы орайда, театрдың барлық шығынын демеушілердің қолға алғанын, қазақстандық тараптан қаржы бөлінбегенін баса айтқан жөн», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы баспасөз мәслихатында.

Астана Опера сахнасында 1,4,6 және 8 қыркүйек күндері «Фальстафтың» төрт қойылымы және 7,9 қыркүйек күндері «№9 симфонияның» екі қойылымы өтеді.

Соңғы жаңалықтар