Қызырхан Бабақұмарұлына «Халық күйшісі» атағы берілді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Қазақстан авторлар қоғамының» мүшесі, «Қазақстан Республикасы күйшілер одағының» мүшесі, Қазақ мәдениетінің қайраткері, белгілі күйші Қызырхан Бабақұмарұлына «Халық күйшісі» атағы берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, Алматы облысы Жамбыл аудандық мәдениет үйінде Қызырхан Бабақұмарұлының «Алтайдан Алатауға күй болып төгілдім!» атты күй кеші өткен еді. Осы кеште ҚР Күйшілер одағы Алматы филиалының төрағасы Талап Қараш Қызырхан Бабақұмарұлына «Халық күйшісі» төсбелгісін табыстады.

Мәдени шараға «Үкілі домбыра» сайысының бас жүлдегері, «Алтын домбыра» сыйлығының иегері Жолаушы Тұрдығұлов, Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының доценті Мұрат Әбуғазы, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының доценті Қуаныш Жұмағали қатарлы өнер иелері қатысты.

Сонымен қатар, салтанатты кеште Қызырхан Бабақұмарұлының «Сүйінші» атты кітабының тұсауы кесіліп, көпшілікке таратылды. Думанды кеш автордың жеке күйлерін орындаумен жалғасты.

Айта кетейік, Қызырхан Бабақұмарұлы 1959 жылы қарашада Қытайдың Алтай аймағында дүниеге келген. Еңбек жолын Жеменей аудандық №2 мектебінде ұстаздықтан бастаған. Қазір Алматы облысы Жамбыл ауданында тұрады. Ол – «Күй-керуен» деген атпен 60-тан астам күйлер топтастырылған екі жинақтың авторы. Өзінің жиырмадан астам авторлық күйлері мен әндері бар. ҚР Ұлттық музейдің өнер мұрағатына 60-қа жуық, «Домбыра» ұлттық телеарнасына 15 және «Шалқар» радиосының алтын қорына 40-тан астам күйді енгізіп, қазақ халқының рухани қазынасына өз үлесін қосқан.


Соңғы жаңалықтар