Қызына зорлық-зомбылық көрсетті деп айыпталған ата-ана шындықты жайып салды - ОҚО

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында 7 жасар қыздың денесіне ине шаншылған деген ақпаратты бүгін ата-анасы жоққа шығарды. Түркістан қаласында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездескен тұрғындар әлеуметтік желіде тараған жағымсыз ақпаратқа қатысты мән-жайды түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, «Мейірім» еріктілер қоғамы» қайырымдылық қорының директоры Аружан Саин Facebook желісіндегі парақшасында ОҚО-да 2011 жылы туған Айна есімді қыз туралы жазба жариялаған болатын. Онда ол жеткіншектің үйінде үнемі қорлық көретінін айтып, 2016 жылдың қаңтарында «ДОМ» қорына қыздың әкесі баланың күйіп қалған ас қорыту жолдарын емдеу үшін шетелге жіберу туралы өтінішпен жүгінгенін жеткізген.

Оның айтуынша, қор қызметкерлері шетелдік клиникаларға хабарласқан. Бірақ ұсынылған қорытындылар медцина қызметкерлерінің төбе шашын тік тұрғызған. Бүлдіршіннің денсаулығына үнемі зақым келіп отырған. Бала бір жасында бас-ми жарақатын алған. Бір жарым жасында тамағына ине тұрып қалып, кейін ас қорыту жолы, аузы мен мұрны күйіп қалған. Оған қауіпті сұйықтықты күштеп ішкізген. Бала содан бері зонд көмегімен тек сұйық тамақ қана ішеді. 5 жасында оның салмағы 8 келіден сәл ғана асқан. 2 жас сегіз айлығында бүлдіршіннің арқасы мен кеудесіне ине тыққан. Олардың бірнешеуін алу мүмкін болмаған. Эзофагит, пневмония, гепатомегалияға шалдыққан. Қор бас прокуратураға арыз жазып, кейін емделуге Үндістанға жіберу үшін Алматыдағы ҒЗИ республикалық клиникасына жатқызуды талап еткен. Алайда Айнаның әкесі шетелдегі емді қабылдаудан бас тартып, Қазақстанға оралған. Қыздың әкесі қордың прокуратураға жүгінгеніне ашуланып, хатты қайтарып алуды талап еткенін айтқан болатын.

Қоғам белсендісі осы мәселеге орай құзырлы органдарға хабар бергенімен нәтиже шықпағанын айтқан болатын. Бүгін осы мәселеге орай қыздың ата-аналары мүлдем басқаша уәж айтты. Аты-жөнін көрсетпеуді өтінген жеткіншектің әкесі тіпті Аружан Саин таратқан ақпардың 90-пайызын теріске шығарды.

«Менің нөмірім ауысқан емес және ешкім бұл тақырыпқа хабарласқан емеспін. Аружанға өзіміз хабарлассақ телефонын әрдайым көмекшілері көтереді, оған шығу мүмкін емес және қызымның салмағы мен жағдайына қатысты ақпараты да жалған»,- деді әкесі.

Өз сөзінде ол қызының басынан ине алынып, өңеші күйгенін растады.

Алайда бүгінде 7 жастан асқан қызының салмағы 16 кг 800 граммды құрайтынын, дәрігерлік тексеруде болғанын атап өтті. Тіпті белсенді билеп, есеп шығарып, жақсы жүргенін хабарлады. Ал, қор басшысын айтқанын жала деп отыр.

«Қордың көмегі қатты тиді деп айта алмаймын. Ол кісінің «әкесі де хабарсыз, қыздан хабары жоқ. Қыз өліп қалуы мүмкін» деген сөзі шындыққа сәйкес келмейді. Қордың бірнеше қызметкерімен әлі күнге дейін байланысып отырамын. Бұл маған жабылып жатқан жала сияқты. Ол кісінің айтып жатқан нәрсесі дұрыс емес. Мен өмірде бармын, өмір сүріп жүрмін. Қызға 2016 жылы Алматыдағы педиатрия және балалар хирургиясы институтында ота жасалды. Қыздың дені сау, Құдайға шүкір. Қордан өңеші күйген қызыма көмек сұрап, емдетуін сұрап отырсақ, бізге проблема жасап берді. Бір жарым жыл тергеуде жүрдік. Өткен жылдың наурыз-сәуір айында ата-ана құқығынан айырылмасын деген сот шешімі шықты»,-деді бүлдіршіннің әкесі.

фото:newspile.ru

Соңғы жаңалықтар