«Қызылжар СК» футбол клубы қысқа мерзімді демалысқа шықты

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында төтенше жағдайға байланысты «Қызылжар СК» футбол клубының ұжымы қысқа мерзімді демалысқа кетсе, хоккей және волейбол федерациясы ҚР чемпионатының аяқталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, елдегі төтенше жағдайға байланысты өңірдегі барлық спорттық ұйымдар тұрғындарға дене шынықтыру-сауықтыру қызметтерін көрсетуді, бұқаралық іс-шараларды және жаттықтыру сабақтарын өткізу тоқтатты.

«Облыстағы стадиондар жабылмайды. Ол жерде жеке спортшылардан басқа, тұрғындар да жаттыға алады. Бірақ халықтың көп шоғырлануына жол берілмейді», - деді өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сөз алған СҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының жетекшісі Руслан Есеналин.

16 наурыз бен 15 сәуір аралығында СҚО-да 76 спорттық іс-шара өтуі тиіс болатын. Оның 8 республикалық жарыстар, 2 оқу-жаттығу жиыны және 66 облыстық деңгейдегі спорттық-бұқаралық іс-шаралар. Елдегі жағдайға байланысты бұл жиындардың 32 өтпейтін болды, ал 44 кейінге қалдырылды.

Руслан Есеналиннің айтуынша, «Қызылжар СК» футбол клубының ұжымы 27 наурызға дейін демалысқа жіберілді. Ал хоккей және волейбол федерациялары ҚР чемпионатының аяқталғанын хабарлады.

ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің ұсынысымен Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындарына қатысатын спортшылар өз жаттықтырушыларымен дайындықты тоқтатқан жоқ.

«Облыстағы спорттық ұйымдардағы қызметкерлердің бір бөлігі әдеттегідей жұмыстарын жалғастырса, енді бір бөлігі қашықтықтан жұмыс істеуге көшірілді. Ал кейбірі кезекті ақылы еңбек демалысына шықты», - деді Руслан Есеналин.


Соңғы жаңалықтар