«Қызылжар барысы» турнирінде әкім бақ сынады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда қазақ күресінен «Қызылжар барысы-2022» облыстық турнирі өтті. Отыз балуанның ішінен бұл жолы да Мұхит Тұрсынов топ жарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлда биыл оныншы жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған «Қызылжар барысы» облыстық турниріне өңірдің кіл мықты балуандары жиналды. Араларында қазақ күресінен әлем чемпионатының екі дүркін чемпионы, «Қазақстан барысы-2014» республикалық турнирінің алтын белбеу иегері Мұхит Тұрсынов секілді көпке танымал спортшылар да бар. Ал Айдар Қалижанов Тимирязев ауданынан келген палуан. 56 жастағы азамат осы аудандағы Целинное ауылдық округінде әкім болып жұмыс істейді.

«Тоғызыншы сыныптан бастап күресіп жүрмін. Жалпы спортқа жақынмын, футбол, баскетболмен айналысқанмын. Осыдан екі жыл бұрын қазақ күресінен өткен республикалық турнирде ардагерлер арасында чемпион болдым. Қазір осы жарыстан кейін самбодан турнир өтеді, соған дайындаламын», - дейді Айдар Қалижанов.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл «Қызылжар барысы» турнирінің бағалау жүйесіне бірқатар өзгеріс енгізілген. Осыған дейін қолданылып келген бүк ұпайы ережеден алынып тасталды. Оның орнына екі рет тізеге отырған палуанға ескерту берілмек.

«Бүк деген ұпай болатын. Ол алынып тасталды. Енді қазір екі рет бүкке түскен палуанға ескерту беріледі. Бұл өзгеріс маған ұнамайды. Себебі екі мықты палуан кездескен кезде бүк алудың өзі өте қиын. Ол оңайлықпен бүкке түсіре алмайды. Сол бүктің арқасында бұрын жеңімпаз анықталып жататын. Уақыт көрсете жатар. Мүмкін дұрыс та шығар», - дейді жарыстың бас төрешісі Есләмбек Бекмұрзин.

Бірнеше сағатқа созылған турнирдің жеңімпаздары да анықталды. «Қызылжар барысы-2022» турнирінің алтын белбеуін және 500 мың теңге сыйақыны Мұхит Тұрсынов жеңіп алды. Күміс жүлде мен 300 мың теңге Алтынбек Аусағитовке бұйырды. Бұл екі балуан енді Нұр-Сұлтан қаласында өтетін республикалық «Қазақстан барысы» жарысында облыс намысын қорғамақ. Ал үшінші орынға күрескен Қайырбек Батырханның күші Бауыржан Мусиннен басым болып түсті, нәтижесінде оған қола жүлде мен 200 мың теңге сыйақы бұйырды.


Соңғы жаңалықтар