Қызылшамен ауыру дерегі биыл тіркелген жоқ - ДСМ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алты айдың ішінде Қазақстандағы бір жасқа толмаған балалардың 51 пайызы вакцинациядан өткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният орталық коммуникациялар қызметінде БАҚ өкілінің сұрағына берген жауабында айтты.

«Биыл қызылшамен ауыру дерегі тіркелген жоқ. Былтыр екі жағдай болған. Ал, 2020 жылы өршу байқалып, 3 мыңнан астам дерек тіркелген болатын», - деді Ажар Ғиният.

Оның сөзіне қарағанда, қызылшаға қарсы вакцинация жоспарға сай өтіп жатыр.

«Алты айдың ішінде 1 жасқа толмаған балалардың шамамен 51%-ы вакцинациядан өтті. Ал, 6 жасқа дейінгі балалардың 60%-ы екпе алды. Бұл халық арасында, әсіресе балалардың арасында иммунитет қалыптастыруға қажетті мөлшер», - деді министр.

Оның айтуынша, елімізде 400-ден астам бала коронавируспен ауырып жатыр.

«Жыл басынан бері коронавируспен 6 мыңнан астам бала ауырды. Қазіргі таңда ауруханаларда 423 бала емделіп жатыр. Әрбір баланың денсаулығын министрліктің деңгейінде қарап отырамыз. Жедел штабымыз бар екенін, балалардың денсаулығы үнемі қаралып отыратынын айтқан болатынмын», - деді ведомство басшысы.


Соңғы жаңалықтар