Қызылша ауруы асқынса соқырлыққа әкеліп, өкпе мен ми қабынуы мүмкін – санитар дәрігер

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Қызылша қауіпті инфекциялық аурулардың бірі. Дерттің бастапқы кезең белгілері суық тиюге ұқсағандықтан, сырқаттанған адаммен алғашқы күндері байланыста болғандардың жұқтыру деңгейі жоғары.

Солтүстік Қазақстан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті инфекциялық және паразитарлық ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Салтанат Мерғалимова ҚазАқпарат тілшісіне аурудан келетін қауіп және одан сақтану жолы жайында айтып берді.

Маманның айтуынша, қызылша – кең таралған жіті инфекциялық ауру, көбінесе балалар ауырады. Бұл температураның 38-40° C дейін көтерілуімен, жалпы интоксикациямен, көздің шырышты қабығының, мұрын-жұтқыншақтың, жоғарғы тыныс жолдарының қабынуымен, теріде бөртпе пайда болу белгілерімен сипатталады. Жалпы әлсіздік, бас ауруы, тәбеттің төмендеуі, ұйқының бұзылуы пайда болады. Мұрын бітеліп, құрғақ жөтел болу мүмкін. 3-8 күн аралығында денеге бөртпе шығады.

«Қызылша бүгінгі күні ең жұқпалы аурулардың бірі. Бұрын қызылшамен ауырмаған және егілмеген адам ауырған сырқатпен қарым-қатынаста болса, ауру жұқтыру қаупі өте жоғары. Сол үшін де екпе мерзімін қатаң сақтау және инфекция ошағында эпидемияға қарсы шаралар жүргізу өте маңызды.

СҚО-да соңғы екі жылда және жыл басынан қызылшамен ауырудың деректері тіркелмеді. Бұл инфекцияның алдын алу үшін жүргізілген жұмыстың нәтижесі.

Аурудан сенімді қорғанудың бірден бір жолы Ұлттық егулер күнтізбесіне енгізілген қызылшаға қарсы вакцинация болып табылады», - дейді инфекциялық және паразитарлық ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Салтанат Мерғалимова.

Вирус ауа тамшылары арқылы сөйлескенде, жөтелгенде, түшкіргенде ауру адамның сілекейімен тарайды. Ауа арқылы вирус айтарлықтай қашықтыққа таралуы мүмкін.

Қызылшамен ауыратын науқас болған үй-жайдың ауасымен тыныс алған кезде қызылша жұғуы мүмкін.

«Инфекция көзі – төрт күн бойы бөртіп ауырып жүрген адам. Бесінші күннен бастап бұл адамнан жұқпайды. Ауырып, жазылған адамда өмір бойға иммунитет сақталады. Қызылшамен ауырмаған және егілмеген адамда кез келген жаста, тіпті өмір бойы бұл ауруға шалдығу қаупі сақталады. Қызылшамен қайталап сырқаттану жағдайы өте сирек кездеседі», - дейді маман.

Санитар дәрігердің айтуынша, бөртпе қызғылт немесе қызыл дақтар түрінде пайда болады. Бірінші күні құлақтың артында, шаш арасында, бет пен мойында, кеуденің жоғарғы бөлігінде шығады. Екінші күні бөртпе денеде және қолдың жоғарғы бөлігінде пайда болады. Үшінші күні аяқта шығып, беттегі бөртпелер бозарады.

«Егер аурудың белгілері байқалса, басқаларға жұқтырмас үшін қарым-қатынасты дереу тоқтату керек. Мұндайда бірден емханаға барған жөн. Ауру адам қан және зәр тапсырады. Зертханалық сынамадан кейін диагнозды инфекционист-дәрігер қояды. Мамандар аурумен қарым-қатынаста болған адамдарың бәрін 21 күн бойына тексереді. Көбіне қызылшамен 5 жасқа дейінгі балалар немесе 20 жастан асқандар ауырады. Оларда құлақ, мойын тұсы ауырады, көз ауруы барларда соқырлыққа дейін асқыну қаупі болуы мүмкін. Сондықтан учаскелік дәрігер ауруды жиі бақылап тұруға тиісті.

Қызылшамен сырқаттанған кезде күрделі асқынулар пайда болуы мүмкін. Оларға пневмония, ортаңғы құлақтың қабынуы - отит, кей жағдайда мидың қабынуы - энцефалит тәрізді өте қауіпті аурулар жатады. Қызылшамен ауырып сауыққаннан кейін 2 айға дейін иммунитет төмендейді, сондықтан осы уақытта бала қандай да бір суық тию немесе вирустық аурумен ауыруы мүмкін, сол себепті оны барынша науқас балалармен қарым-қатынастан қорғау қажет», - дейді Салтанат Мерғалимова.

Ата-аналар балаларын қызылшадан қорғау үшін міндетті түрде екпе қойғызуы тиіс. Вакцинация болмаған жағдайда –қызылшаға қарсы егілмеген балалардың әртүрлі мәдени-көпшілік іс-шараларға қатысуын, ойын-сауық сауда орталықтарындағы ойын алаңдарына баруын шектеу қажет.

«Ал ауырып, дерттің бірінші белгілері пайда болған жағдайда уақыт созбай дәрігерге қаралу, қызылша ауруына тексеруден өту және маманның барлық нұсқауларын орындау, яғни ауыр жағдайларда жедел жәрдем шақырту, дәрігер келгенге дейін туыстарымен және басқа адамдармен байланысты шектеу, жөтелген және түшкірген кезде бет орамалды пайдаланып, ауызды және мұрынды жабу, қолды сабынмен жиі жуу қажет. Бетке маска тағып, өзін өзі емдемеу керек.

Қызылшаның алдын алып, ауырмас үшін екпе алған жөн. Бұл инфекцияға қарсы күрестің ең тиімді әдісі. Балаларды қызылшаға қарсы жоспарлы вакцинациялау 12 айлық кезінде және қайталап 6 жаста жүргізіледі. Қызылшаға қарсы вакцина 20 жылға дейін иммунитет береді», - дейді Салтанат Мерғалимова.


Соңғы жаңалықтар