Қызылордалық жастар сайлауға белсенді қатысуға шақырды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордалық жастар барша жұртшылықты алдағы кезектен тыс президент сайлауына белсенді түрде қатысуға шақырды. Бұл туралы «Мемлекеттік тіл - менің тілім» жастар форумында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Форумға қатысушылардың айтуынша, алда еліміз үшін маңызды саяси науқан - президент сайлауы жақындап келеді. Аталмыш шара биылғы 9 маусымға белгіленген. Сайлауға белсенді түрде қатысу мемлекет дамуына оң ықпалын тигізетін маңызды науқан саналады. Қазақстандық әрбір азамат өз таңдауын жасап, өзі сенім артқан үміткерге дауыс береді.

Форум барысында облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Абылайхан Сабанбаев сайлауға қатысты ой-пікірін білдірді. Қай кезде де ел ертеңі - жастар екеніне тоқталып, бұл орайда соңғы буын өкілдерінің белсенділігі қажет екенін атап өтті.

«Тұңғыш Президент - Елбасы қай кезде де жастарға зор үміт артып келеді. Былтырғы Жолдауында жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру қажеттігіне тоқталды. Осы мақсатта 2019 жылды Жастар жылы ретінде жариялады. Қашанда жастар - ел болашағы, қоғамның қозғаушы күші, егемендік ұйытқысы», - деді Абылайхан Сабанбаев.

Жастар форумында Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Жаңғыру жолы» жастар қанатының төрағасы Артём Кошман өз пікірін білдірді.

«Біздің елімізде халық бірлігі, ұлттар татулығы мен достығы мәселелеріне әрдайым назар аударылып келеді. Азаматтық татулық, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында көптеген игілікті істер атқарылуда. Сондықтан алдағы сайлауда еліміздің барша тұрғындарын саяси шараға белсенді түрде қатысуға шақырамын», - деді Артём Кошман.

Форум барысында «Nur Otan» партиясы «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Талғат Тілес, «Славяне» қоғамдық-мәдени орталығының мүшесі Елена Павлова сайлау шарасының маңыздылығына тоқталып, барлық жастарды өз таңдауын жасауына шақырды.

Соңғы жаңалықтар