Қызылордалық жастар «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жеңімпаздарымен кездесті

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордалық жастар «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жеңімпаздарымен кездесті. Олардың қатарында қызылордалық кәсіпкер Айдос Сайлығараев, педагог, психолог, аудармашы Сымбат Әбдірахманова және Алматы облысынан келген ақын Мақпал Мыса бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобаға қатысушылар қатары көбейіп келеді. Сыр өңірінен аталмыш арнайы жобаға 2017 жылы 68 үміткер қатысты. Нәтижесінде сол жылы дәрігер Болатбек Баймаханов, селекционер-ғалым Александр Подольских, тоғызқұмалақтан әлем чемпионы Әсел Далиева, педагог, психолог, аудармашы Сымбат Әбдрахманова жеңімпаз атанды. Ал 2018 жылы облыстан 82 үміткер қатысып, халықаралық әскери фотожурналист Назгүл Кенжетай, кәсіпкер Айдос Сайлығараев жеңіс тұғырынан көрінді.

Жүздесу TedTalks форматында кездесу өтті. Халықаралық «Парасатты поэзия» фестиваліне келген Мақпал Мыса жастарға ақындық өнер жайлы ойларымен бөлісіп, білім бәсекесінде озық болуға шақырды.

«Мен үнемі жастармен кездесуге асығып тұрамын. Сөз - адам жанының емі. Сөздің құдіреті болса керек, елге өлең арқылы танылдым. Өлең - менің тағдырым, жетістікке жеткізді. Сондықтан да сіздерге айтарым, табиғат берген талантты барынша баптап, оны дамыту білу керек. Сонда ғана сіз табысты боласыз. Үш жыл қатарынан жоғары оқу орнына түсе алмадым. Бар мақсатым ата-анама салмақ салмай, журналистика мамандығы бойынша мемлекеттік грант иегері атану болды. Өкінішке орай, журналистика факультетіне түсе алмай, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының кино және телевизия мамандығын тәмамдадым. Оқуға түсем дегенше, менің өлеңдерім бірнеше жыр жинаққа еніп, бірнеше рет мүшәйрада жеңімпаз атандым. Қазір аудармамен де айналысамын. Мен бұл жетістігіме тынымсыз ізденіс пен еңбектің арқасында арманыма қол жеткіздім. Журналистика саласында еңбек етіп келемін. Сондықтан сіздерге де осындай табандылықты тілеймін», - деді Мақпал Мыса.

Айдос Сайлығараев - Қызылорда өңірінде алғашқы кондитер өнімдерін дайындайтын дүкендер желісінің негізін қалаушы кәсіпкер. Қазіргі таңда «Браунис» кондитер дүкендер желісінің өнімдерін Сыр өңірі жұртшылығы жоғары бағалайды. Кездесуде А.Сайлығараев өз кәсібін ашып, жастарды тұрақты жұмыспен қамту, кәсіби шеберлік мәселелері бойынша тәжірибесімен бөлісті.

null«Қазақстандағы 100 жаңа есім» арнайы жобасының алғашқы кезең жеңімпазы Сымбат Әбдірахманова бірнеше тілді меңгерген, педагог-психолог. Ол қазіргі таңда UNISEF-тің жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу жобасы бойынша бірнеше ғылыми мақалалар жазып, әдістемелік құрал дайындаған. Сондай-ақ, аймақта мектеп бітірушілермен түрлі психологиялық тренингтер өткізіп, жасөспірімдер арасындағы қылмыстық оқиғалардың алдын алуға көмектесіп келеді.

Сымбат ешқандай қаржы қажет етпейтін мультфильмдер дайындаумен айналысады. Әсіресе тіл мүкістігі бар балаларға арналған мультфильмдерін мамандар сабақ барысында пайдаланып жүр. Ол 2018 жылы Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойына арнап, «Сиқырлы кілт» сериялы мультфильмін дайындады. Бұдан бөлек, Сымбаттың бірнеше мультфильмдері облыстық телеарна, республикалық «Балапан» телеарнасынан берілуде. С.Әбдірахманова жастарға мақсат қою, армандай білу, жетістікке жетуге байланысты өз тәжірибесімен бөлісті.

«Адамның арманы нақты болуы керек деп ойлаймын. Өйткені мен үнемі нақты нәрселерді армандап, оны мақсатыма айналдырдым. Өмірімде парсы тілінде қай елдің сөйлейтін білмейтін жасымда осы тілдің маманы болу үшін мемлекеттік грант иегері атандым. Қазіргі таңда парсы тілі бойынша еліміздегі санаулы аудармашылардың қатарындамын. Жастарға айтарым, сіздер ешқашан өз арманыңызға жету үшін жалықпай еңбек етуден шаршамаңыздар. Мақсатқа жету жолында түрлі құрбандыққа баруға тура келеді. Қыдырудан бас тартып, тойларға бармай қалуыңыз мүмкін. Есесіне қоғамға пайдалы іс жасайтыныңызды ұмытпаңыз.

Осы жоба жеңімпаздарының ішінде 18-19 жасар жігіттер бар. Олардың жетістіктерін көргенде, менің осы уақытқа дейін бос кеткен уақытымды ойлап өкіндім. Сондықтан адам өмірінің көктемі саналатын жастық шағыңызды өкінбестей өткізіңіздер», - деді Сымбат Әбдірахманова.

Кездесуге қатысқан Ералы Аружан жоба жеңімпаздарының жетістік жолы көп ой салғанын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар