Қызылордалық ұстаз шәкірттеріне ағаш бұйымдарын жасаудың қыр-сырын үйретуде

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Арал ауданына қарасты Жақсықылыш кентінде тұратын Әлнұр Жарқынбаев балаларға арналған ағаш ойыншықтар жасаумен айналысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлнұр Жарқынбаев Жақсықылыш кентіндегі №19 орта мектепте сабақ береді. Ол мектепте қолөнер үйірмесін ашуға ұйытқы болды. Қазір үйірмеге қатысып жүрген өрендер қатары көп. Олар ағаш бұйымдарын жасаудың қыр-сырына қанығып келеді. Қолөнер шебері өз шәкірттерімен бірге көптеген дүниелерді жасап шықты. Аталмыш бұйымдар облыстық және аудандық көрмелерге қойылды. Сол орындарда халықтың жоғары бағасын алып үлгерді.

«Расында, бұл өнер кенже қалып келеді. Оған шыдамдылық пен төзімділік қажет. Сондықтан оған көбіміз назар аудара бермейтін болдық», - деді Әлнұр Жарқынбаев. 

Үйірмеде жасалған дүниелер көрмелерде өз тұтынушысын тауып жатады. Сатылған дүниелер ақшасына мектепке қажетті жабдықтар алады. Жас өрендер атадан аманатқа айналған қолөнердің қыр-сырын қанығуға тырысып жүр.

«Қазақта «Шыдамы жеткен шебер болар» деген ғибратты сөз айтылған. Көне кезеңнен бері біздің бабаларымыз сан алуан бұйымдарды қолмен жасай білді. Ол бүгінгі күнге жетіп, жас ұрпақтың бойында жарқырап келеді. Мен өзім үйренгенді балалардың зердесіне тоқуға тырысып келемін. Солардың бірі - ағаштан жасалған ойыншықтар», - деді қолөнер шебері. 
null 

Шебердің қолынан шыққан дүниелер көздің жауын алады. Ол балаларға зиянсыз дүниелер жасап жүргенін игілікті іс ретінде бағалайды. Сондай-ақ, ол әрбір дүниесін қызғылықты етіп жасап шығуға назар аударады.

«Қазір базарға барсаң сан алуан ойыншықтардан көз сүрінеді. Дегенмен олардың басым бөлігі дерлік бала денсаулығына зиянды заттардан жасалған. Бұл жайында қазір ашық айтылып та, жазылып та жүр. Мен сапалы дүние жасауға көңіл бөлдім. Қазір балаларды қызықсыз заттарға тарта алмайсың. Сондықтан мен әрбір жасаған ойыншықтың дизайнына назар аударамын. Оның қызықты болуына ерекше көңіл бөлемін», - деді Ә. Жарқынбаев.
null 

Қолөнер шебері ағаштан ертегі кейіпкерлері, ұшақ, жан-жануарлар әне өзге де дүниелер жасайды. Қазір мұндай дүниелерді тек көрмелерде ел назарына ұсынып келеді. Келешекте оны одан әрі жетілдіріп, өз ісін кеңейтуді көздеп отыр. Сондай-ақ, түрлі дыбыс шығаратын, жарық беретін функцияларды қосуға ниет танытып жүр.

Сондай-ақ, қолөнер шебері қазақтың өзге де бұйымдарын жасаумен айналысады. Олардың қатарында домбыра, ағаш табақтар және өзге де бағалы дүниелер бар.

Бұдан бұрын Қызылорда облысында кілем тоқып сал ауруынан жазылғандар бар екенін хабарлаған едік.   

Соңғы жаңалықтар