Қызылордалық полицейлер жолда қалып қойған жолаушыларға көмектесті

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада полиция қызметкерлері ауа райының қолайсыздығынан жолда қалып қойған жолаушыларды құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш оқиға «Самара-Шымкент» тасжолының бойында болған. Жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері, полиция аға лейтенанттары Аябек Құрбанов пен Әділсейіт Қалағанов Қармақшы ауданында кезекті патрульдеу шарасын өткізіп жүргенде жолдың 1620-шақырымы тұсында жол жиегінде тұрған «ГАЗель» маркалы автокөлікті байқайды.

«Онда 3 жолаушы бар екен. Көлік техникалық ақау салдарынан жолда тоқтап қалған. Ауа райының суық болуына байланысты жолаушылар тоңып қалған. Полиция қызметкерлері оларға дереу көмек көрсетті. Бұзылған автокөлікті Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата кешеніне дейін сүйреп алып барды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қазіргі күні Қызылорда облысында ауа райы қолайсыз. Полиция қызметкерлері оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында күшейтілген кезекшілік қызметін атқарып жүр.

Соңғы жаңалықтар