Қызылордалық полицейлер интернет-алаяқтар тобын қолға түсірді

Фото:
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордалық полицейлер еліміздің үш қаласында интернет-алаяқтар тобын қолға түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметкерлері биылғы жылдың сәуір айынан бастап талайды сан соқтырған интернет алаяқтарды ұстау бағытында арнайы іс-шара жүргізді.

«Өткен жылдың қараша айынан бастап өңірде тұрғындарға белгісіз біреулер телефон арқылы хабарласқан. Онда жақыны есірткі затымен ұсталып тұрғанын айтып, оны жазадан босату үшін арнайы есепшотқа дереу қаражат аудару қажеттігін ескерткен. Облыста осыған ұқсас 32 қылмыстық іс тіркелген. Жәбірленушілерге келтірілген шығын - 24 миллион теңге», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.

Ведомство мәліметінше, осы мақсатта облыстық Полиция департаменті білікті қызметкерлерінен жасақталған жедел-тергеу тобы құрылып, тергеу амалдары басталды. Тергеу нәтижесі жинақталған айғақтар бойынша мамандар алаяқтық тәсілдердің дәлме-дәл ұқсастығына назар аударды. Қылмыстардың барлығы белгілі бір қылмыстық топ арқылы жасалғандығын анықтады.

Жедел тергеу тобы алаяқтардың іс-әрекетін дәлелдейтін айғақтардың жеткілікті деңгейде жиналғандығын назарға алды. Нәтижесінде Алматы, Ақтөбе және Жамбыл облыстарында арнайы іс-шара өткізді. Іс-шара барысында әр облыста бір-бірімен сыбайласу арқылы алаяқтықпен айналысқан 8 адамнан құралған қылмыстық топ құрықталды.

Алаяқтардың мекен-жайын тінту барысында қылмыс құралы ретінде қолданылған 17 ұялы телефон, бейтаныс тұлғалардың атына жасырын тіркелген 15 абоненттік нөмір, 60 азаматтың ЖСН, аты-жөні жазылған тізім, ақша айналымын тіркеген блокнот анықталып, айғақ зат ретінде тәркіленді», - деді департаменттен.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада түрмеге есірткі мен телефон лақтырмақ болған екі адам ұсталды.



Соңғы жаңалықтар