Қызылордалық өрендер атқа міну мәдениетімен танысты

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Жаңақорған ауданына қарасты Талап ауылында орын тепкен «Талдысу» лагерінде «Атқа міну мәдениеті» тақырыбында танымдық шара өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл танымдық шара Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары аясында қолға алынды. Оны облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы және облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырды.

«Тұңғыш Президент - Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі. Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі Ботай қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді. Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты. Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады», - дейді облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы «Ақпарат толқыны» бөлімінің маманы Жанар Ергенбайқызы.

null

Шара барысында жас өрендер ат әбзелдерімен танысып, оның орналасу реттілігін тамашалады. Артынша сайгүліктің құлағында ойнайтын шабандоздардың ойындарын тамашалап, тәнті болды. Шабандоздың бірі ат үстінде садақ тартып, нысанаға дөп тигізсе, енді бірі жылқы үстінде жұлмаласа күресіп, аударыспақ ойынын көрсетті. Сондай-ақ лагерь тынығушылары жылқы жануарымен жақын танысып, атқа міну әдебін ұғынды.

Ұлттық ойынды ұлықтаған шара соңында «Рухани жаңғыру» орталығы өкілдері ұйымдастырушыларды алғыс хатпен марапаттады.

Бұдан бұрын Қызылордада күйшілер байқауы өткен болатын.

Соңғы жаңалықтар