Қызылордалық өнертапқыш баламалы энергия көзін тапты

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордалық өнертапқыш Марат Палмахов баламалы энергия көзін тапты. Бұл мақсатта ол қарапайым заттар мен құралдарды пайдаланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отыз жастағы өнертапқыш өзі жасап шығарған қозғалтқыштың өндірісте өнімділікті арттыратынына сенеді. Оның ойынша осы жетістіктің нәтижесінде үлкен қалалардағы экологиялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік туады.

Өнертапқыш бұл жобаны бес жылдан бері жоспарлап жүрген. Алдымен идеясын қағаз бетіне түсіріп, оның формуласын жасап шығарды. Құрылғы сумен қуат өндіре алады. Сол арқылы ірі өндіріс ошақтарын жарықпен қамтамасыз етуге әбден болады. Өнертапқыш аталмыш жобаны жасауға белсене кірісті. Тіпті, оның бірнеше нұсқасы жасалып шықты.

«Айта кетейін, мен бұл жобаның қырыққа тарта нұсқасын жасадым. Көптеген қателіктерге көзім жетті. Бұл бағытта бірнеше сынама жасап көрдім. Құрылғы тек электр қуатын өндіріп қоймайды. Ол сумен қамтуға да мүмкіндік туғызады. Осылайша, оны екі фунцияны атқаруға пайдалануға болады», - деді Марат Палмахов.

Оның айтуынша, бұл құрылғыны шалғай елді мекендерде электр қуатымен жабдықтау мақсатында пайдалануға болады. Сондай-ақ, биік жерде орналасқан егіс алқаптарын аталған құралды пайдалану арқылы суаруға мүмкіндік бар. Ол климаттық жағдайға ешбір тәуелді емес. Оған күннің сәулесі мен желдің күшінің қажеті жоқ. Су көзі мен оның сағасы болса жетіп жатыр. Сондықтан артық шығын кетпейді.

Өнертапқыш бұл мақсатта патент алуды ойластырып жүр. Экологиялық таза құрылғы алдағы уақытта өндіріске енгізілетініне сенеді.


Соңғы жаңалықтар