Қызылордалық оқушы ерекше аяқ киімдер тігіп, мол табыс табады
2022 жылғы 26 маусым 15:20

Қызылордалық оқушы ерекше аяқ киімдер тігіп, мол табыс табады

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордадағы №176 орта мектептің 9-сынып оқушысы Ұлан Сайлау талайды таңғалдыратын аяқ киім тігумен айналысады. Ол бұл кәсібі арқылы мол пайдаға кенеліп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ол аталған кәсіпті екі жылдай бұрын бастаған. Дүниені дүрбелеңге салған карантин уақытында ол мектеп оқушысы болса да ел арасында көп кездесетін тың кәсіпті қолға алды. Алғашқыда үйренуге уақытын жұмсады.

- Бұл өнерді кімнен үйрендің? Отбасыңда тігіншілікке жақын адамдар бар ма?

-Анамның ине мен жіпке жақындығы бар. Қолы бос сәтте құрақ көрпеше тігеді. Тапсырыс қабылдайды. Анам мені аталған кәсіпке бейімдеуге көшті. Кейбір дүниелерді ғаламтор арқылы дамыттым.

Шеберлік курстарды онлайн оқыдым. Инстаграмдағы «Алтын қол» деген парақша этнобрендке бейімдейді. Онда оқытқан ұстаздың тәлімі негізінде өз ісіме бейімделдім. Тоқымадан өзге де тың тіршілік көзін табуға талпындым. Нәтижесінде аяқкиім тігіп шығаруды қолға алдым.

- Аталған кәсіпке қандай технология пайдаланылады?

- Бұл жерде негізінен тоқыма бізі мен ирандық жіп серігіме айналды. Алдағы уақытта жаңа технология арқылы шеберхана ашудыжоспарлап отырмын. Алғашқы уақытта бір аяқкиімге бір күн кететін. Қазір тәжірибем де артты, кәсіппен айналысқаныма бір жылдан асты. Қазір бір сағат ішінде бір өнімді шығаруға болады. Ол тапсырысқа байланысты. Дизайны мен пішіні күрделі болса, 3-4 сағат уақытымды жұмсаймын.

- Өзің дайындап шығарған өнімдерді қанша теңгеге сатасың?

- Әдетте, қолдан жасылған дүние қымбат тұрады. Бізде сондай ой қалыптасқан. Сол түсінікті бұзғым келді. Өзім дайындаған аяқ киімнің шикізатына 1700 теңге жұмсаймын. Еңбекті де бағалаған жөн шығар. Халықтың ыңғайын да ұмытпауымыз тиіс. Аяқ киімдердің ең қымбаты - 10 мың теңгеге бағаланды. Арзаны – 3 мың теңге.

- Құпия болмаса айына қанша табыс табасың?

- Қазір ауқымды кәсіп жасап жатқаным жоқ. Әзірге шеберханаға қол жетпей тұр. Тек тапсырыс бойынша жұмыс жасаймын. Сондықтан шикізатты есепке алмағанда айына ең жоқ дегенде 70 мың теңге табыс табамын.

- Алға қойған мақсатың қандай?

- Шындығын айтқанда, екінің бірі бұл кәсіпті игеріп кете алмайды. Өте қиын кәсіп деп санаймын. Әзірге тек қолдағы мүмкіндігімді пайдаланып отырмын. Алдағы уақытта тиісті орындарға жобамды ұсынып, кәсібімді кеңейткім келеді.

Еске салсақ, бұдан бұрын Шымкентте Шаолинь мектебінің шәкірті тұратынын хабарлаған едік.



Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT