Қызылордалық мектеп түлектерінің 97 пайызы жоғары және орта арнаулы оқу орындарына түскен

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қызылордалық мектеп түлектерінің 97 пайызы жоғары және орта арнаулы оқу орындарына білім алуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Қазақстан Республикасы Үкіметінің баспасөз орталығында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

"Биыл мектеп бітірген 6000 түлектің 97 пайызы жоғары және арнайы орта оқу орындарына түсті. Мен осы көрсеткішпен ерекше мақтанамын. Егер облыс дамуының қай көрсеткішімен мақтанасыз деп сұрасаңыз, осыны айтар едім. Бұл облыс жастарының үлкен әлеуеті бар екен көрсетеді", - деді Қ.Көшербаев.

Облыс әкімінің айтуынша, 97 пайыз - білім сапасының көрсеткіші ғана емес, бұл балалардың бейтарап маргинал жастар қатарын толықтырмайды деген сөз. Яғни, болашақ экстремистер мен қылмыскерлердің орнын толтыратын әлеуметтік база қысқарды.

Осы мақсатта 2013 жылдан бастап өңірдегі аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасынан шыққан, әсіресе, ауылдық жерлердің балаларына жоғарғы оқу орындарында оқу үшін облыс әкімінің гранты тағайындалды. Бүгінге дейін 694 бала республиканың белді оқу орындарында облыс әкімінің гранты есебінен білім алуда.

Сондай-ақ, 2014 жылдан бері Қызылорда жастары үшін Ресей Үкіметінің арнайы білім гранттары бөлініп келеді.

«Ресейдің жетекші жоғары оқу орындары Ресей Үкіметінің гранты есебінен қызылордалық түлектерді техникалық мамандықтар бойынша оқыту, әсіресе IT-мамандар, металлургтер, технологтар, химиктер әзірлеу туралы ұсынысымызды қабылдады. Жылына 150 баланы өздері таңдап алады. Бүгінде Ресейдің жетекші техникалық жоғары оқу орындарында біздің 452 түлегіміз грант негізінде білім алуда. Келесі жылы олардың алғашқы легі елге оралады», - деді Қырымбек Көшербаев.

Одан бөлек, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры Виктор Садовничий 2018 жылдан бастап Қызылорда жастары үшін Мәскеу мемлекеттік университеті есебінен физика-математикалық және механика-математикалық мамандықтарға қосымша 20 грант бөлу туралы шешім қабылдаған.

«Дәл осы балалар өңірге жаңа индустриалдық келбет беріп, заманауи зиялы қауымды қалыптастыратын болады. Біз олардың екі мемлекеттің арасындағы достықтың дәнекері болатынына сенімдіміз», - деді Қызылорда әкімі.

Сонымен қатар, Қызылорда облысының жастары «Серпiн» бағдарламасы бойынша грант алу конкурстарында үздік нәтиже көрсетуде. Бұл бағдарлама аясында 4 жарым мыңнан астам қызылордалық білім алуда. Яғни, "Серпін" студенттерінің басым бөлігін қызылордалықтар құрайды.

Соңғы жаңалықтар