Қызылордалық медицина мекемелеріне автокөлік кілті тапсырылды

None
None
  ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - ҚР Тұңғыш Президенті күнінде Қызылорда қаласында медициналық мекемелерге арнайы автотехниканың кілті тапсырылып, «112» бірыңғай диспетчерлік қызметінің тұсауы кесілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстың медицина мекемелеріне мамандандырылған 7 реанимобиль, 15 «Ларгус» және 37 «УАЗ» автокөлігінің кілті табысталды.

Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев денсаулық сақтау саласы қызметкерлерін құттықтап, Елбасы Н.  Назарбаев әрбір Жолдауында адам капиталын дамытуда халықтың денсаулығын нығайтудың маңызын атап өтетінін айтты. Мәселен, биылғы Жолдауда Мемлекет басшысы Үкіметке 5 жыл ішінде денсаулық сақтау саласына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу қажеттігін тапсырды, бұл осы саланың халықаралық деңгейде дамуына мүмкіндік береді.

«Денсаулық сақтау - аймағымыз үшін қашанда маңызды салалардың бірі. Соңғы 5 жылда республикалық және облыстық бюджет қаражаты есебінен апатты деп танылған  медициналық нысандардың 64 пайызын жаңадан салуға мүмкіндік жасадық. Соның ішінде Арал, Қазалы, Шиелі ауруханалары бар. Сондай-ақ, Жалағаш ауданында орталық аудандық аурухана құрылысын қаржыландыру мәселесі шешіліп, құрылыс ақпан айында басталады. Медицина саласына  мемлекеттік-жекеменшікті әріптестікті тартып, 61 жобаны қарастырып отырмыз, бұл республика бойынша үздік көрсеткіш. Денсаулық сақтау саласында кадрлар даярлауға облыс әкімінің гранттары бөлінді, қазір 72 бакалавр мен резидент еліміздің медициналық ЖОО-да білім алуда. Біздің дәрігерлер бірнеше ай бойы Корея, Ресей Федерациясының клиникаларында білімін жетілдірді», - деді аймақ басшысы.

Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Евгений Ким жедел-жәрдем, полицей, төтенше жағдайлар, өрт сөндіру, газбен қамту, анықтама қызметі біріктірілген «112» бірыңғай кезекші диспетчерлік қызметінің жобасын таныстырды. 
null 

Жол көлік оқиғасы кезінде жарақаттан кейінгі өлім-жітімді азайту мақсатында жергілікті полиция қызметінің 400-ге жуық жол-патруль полиция қызметкері жарақат алған науқастарға алғашқы медициналық көмек көрсету қағидаттары бойынша оқудан өтті. Сонымен қатар, жергілікті полиция қызметінің жол бойындағы 30 бригадасына зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған дәрі-дәрмек қобдишасы берілді.

Аймақта барлығы 75 бригада, арнайы санавиация техникасы және бірыңғай медициналық Сall-орталық жұмыс істейді. Нәтижелі реанимация көрсеткіші 2 есе жақсарып, ауруханаға дейінгі өлім жағдайлары 2,9% төмендеген. 
null 

Соңғы жаңалықтар