Қызылордалық кәсіпкерлер иелігіндегі ғимараттарды карантин үшін босатып бермек

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордалық кәсіпкерлер иелігіндегі ғимараттарды карантиндегі науқастарды емдеу үшін босатып беретінін жариялады, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.

Бұл жөнінде облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. Сыр өңіріне белгілі кәсіпкерлер - Қайрат Боранбаев қонақүйін, М.Сәрсенбаев әуежай маңындағы ғимаратты медициналық нысан ретінде уақытша пайдалануға беруге ұйғарым жасаған.

Сондай-ақ, осындай игі бастаманы Q-MED клиникасының директоры Раушан Базарбай жалғастырып алып кетті.

«Абай көшесінің бойында біздің мекемеге қарасты емхана бар. Ол 15 наурыздан бері бос тұр. Емдеу орны медициналық талаптарға сәйкес келеді, онда 35 жатын орын бар. Әр палатада жуынуға арналған қосалқы бөлмелер орналасқан. Бұл орын тұзды шахтамен, өкпе ауруларына нағыз ем болатын, профилактикалық қызметі зор жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда одан өзге де қажетті құрал-жабдықтар бар. Осы емхананы қажет болған жағдайда карантиндік науқастарға беруге әзір екенімді жеткіземін», - дейді Раушан Базарбай.

Қазіргі таңда Қызылорда облысында коронавирус жұқтырған 25 адам бар.


Соңғы жаңалықтар