Қызылордалық қария киіз үй мен оның жабдықтарын жастарға дәріптеп жүр

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласына қарасты Белкөл кентінде тұратын Мәрзия Құлмышова қазақ халқының асыл қазынасы - киіз үй мен оның жабдықтарын жас ұрпаққа дәріптеп келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінде қазыналы қария киіз үйлерді сақтап, атадан қалған құндылықтың қадірін арттырып жүр. Сондай-ақ, ол киіз үйдің жабдықтары мен жасауын әзірлеумен айналысып келеді. Олардың барлығын өзінің қолымен жасап шығарады. Кейбірін тігетін болса, бірін кестелейді, тоқиды. Барлығын сан алуан ою-өрнекпен көмкере түседі. Көздің жауын алатын көптеген бұйымдарды көргенде жаныңыз жадырай түседі.

«Отбасымыздың өзбек елінен туған топыраққа келгеніне биыл 16 жылға жуықтады. Ол жақта да киіз үй мен оның жабдықтарын жасаумен айналысатын едік. Сол кәсіптен қол үзбеуді жөн көрдік. Елге келер тұста өзімізбен бірге сегіз қанат боз үйді ала келдік. Уақытында біз оны қысы-жазы тұтынып, жайлы тұрақ ретінде пайдаландық. Бұл жаққа келгеннен кейін де оны құрып, ішіне барлық жабдықтарды қойып жүрдім. Жергілікті тұрғындар тарапынан оған қызығушылық білдірген азаматтар аз болған жоқ. Оны жалға берумен айналыса бастадым. Киіз үйдің жасауын тігуді қолға алдым. Осылайша, бұл істі кәсіп көзіне айналдыра бастадық. Олардың санын да арттырдық. Бүгінгі күні жеті және он қанатты киіз үйлер бар. Осы бір ұлттық өнерге қызықсаң ол еріксіз өзіне баурай түседі», - деді Мәрзия Құлмышова.

Ұлттық өнерді өрнектеп жүрген қария киіз үйдің барлық жасауын түгел өзі тігіп шыққан. Ол қошқармүйізді текеметтен бастап, шаңыраққа үш жерден байланып, керегеге асылатын желбау, уық пен керегенің түйіскен жерін сыртынан бастырып тағатын, өрнекті жалпақ құр - басқұр, үзіктің екі жиегінен екі немесе үш жерден айқастыра тартып керегеге байлайтын жалпақ терме бау - үзікбауды жасап шығарды. Оған қоса керегенің іргесінен уықтың ортасына дейінгі жерді, үзік кереге басынан шаңырақ шеңберіне дейінгі аралықты жауып тұратын - туырлық сынды қолдың ісмерлігі мен асқан шыдамдылықты қажет ететін қолөнер туындыларының барлығын тоқыма жіппен кестелеп шыққан. Олардың әрбірі ою-өрнектеп әспеттеліп өте шебер жасалған.

«Киіз үй тек қазақ халқында ғана емес, түбі бір түркі халқына ортақ дүни есебінде бағаланады. Байқап қараған адамға қазақ, қырғыз және моңғол халықтары киіз үйлерінің ерекшеліктері айқын аңғарылып тұрады. Біздің киіз үйлер еңселі болып келеді. Ал моңғол киіз үйлері жатаған бейнесімен көзге түседі. Расында, біздің киіз үйдің құрылымдық ерекшелігіне назар аударсаң, жинақылығы мен ыңғайлылығы өз алдына, сәулеттік сырт пішіні ерекше сұлулығымен дараланып тұрады. Ал көші-қонға лайықталып жасалған ол, жығып-жиғанда жалғыз-ақ түйеге жүк болған», - деді қолөнер шебері.

Тағы бір айта кетерлігі, төрт бұрышты бөлмеге қарағанда мұнда ауа тазаруы 5-6 есе тезірек болады. Оны ғалымдар заманауи архитектурадағы ғылыми жетістіктерімен дәлелдеген. Оған қоса, қазақ бұрыннан ағаш үйінде тері, ағаш, жүн, мақта сынды табиғи өнімдерді тұтынған. Сондықтан онда адам денсаулығына зиянды заттар жоқ.

Айта кетейік, бүгінгі күні елімізде киіз үй жасайтын шеберлер жоқтың қасы.

Соңғы жаңалықтар