Қызылордалық камералық оркестр халықаралық фестивальге аттанды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облыстық филармониясының жанынан құрылған камералық оркестр Венгрияда өтетін түркітілдес елдердің камералық оркестрлер фестиваліне қатысуға аттанып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш өнер ұжымы облыс басшылығының қолдауымен 2016 жылы құрылған. Осы уақыт ішінде оркестр репертуары сан алуан туындылармен толықты. Олар әлемге белгілі шығармаларды орындайды. Сондай-ақ, қазақ халқының белгілі күйшілері Құрманғазы мен Дәулеткерейдің артында қалған мол мұраларын өнерсүйер қауымға кеңінен насихаттап келеді. Қазіргі уақытта репертуарында 30-дан астам шығармалар бар.

Камералық оркестрдің көркемдік жетекшісі - Анар Жаңбырбаева. Дирижерлік қызметті ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, профессор, композитор Әнуар Ақбаров атқарады.

«Бүгінгі таңда оркестр мол тәжірибе жинақтап келеді. Бізде виолончель, контрабас, фортепиано, скрипка сынды музыкалық аспаптармен өнер көрсете алатын мамандарымыз бар. Жақында бізге ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы камералық оркестрі келді. Олармен бірлескен дайындық шараларын жүргіздік», - деді камералық оркестрдің көркемдік жетекшісі Анар Жаңбырбаева.

Камералық оркестр халықаралық фестивальге аттанар алдында жергілікті жұртшылықпен жүздесті. Көрермен қауымға өз өнерін ұсынды.
Фестиваль 16-27 ақпан аралығында өтеді. Оған түркі тілдес елдермен қатар Босния және Герцоговина, Венгрия, Сербиядан өнерпаздар қатысады деп күтілуде.

Соңғы жаңалықтар