Қызылордалық ғалым: Құс – табиғат байлығы

None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - 1906 жылы Құстарды қорғау бойынша конвенция бекітілді. Сол уақыттан бастап Халықаралық құстар күні атап өтіледі. Оның негізгі ережелері ұя салу және мекенді ауыстыру кезінде құстардың барлық түрін қорғауға бағытталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Адамның ашкөздігінен жойылып кету алдында тұрған құс түрлерін ұдайы қорғау, аң аулаудың белгілі бір түрлеріне тыйым салу ойластырылған. Қазақ халқы ежелден қоршаған ортамен етене байланыста өмір сүрген. Табиғаттың қыр-сырын жақсы түсініп, олардың қасиетін сезініп, құрметтей білген. Біз құстар әлемі жөнінде не білеміз?

ҚазАқпарат тілшісі аталған тақырыпта зерттеу жүргізіп жүрген Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы, географ-эколог Оразхан Айдаровты әңгімеге тартқан еді.

- Қазақ халқы ежелден табиғат әлемінің қыр-сырына қанық болуға көңіл бөлді. Құстың киелісін, аңнын қасиетін таныды. Көкте қалықтаған қанаттының ұшуына көз сала отырып, ертеңгі күн қабағының қалай болатынына жорамал жасады. Елімізде құстардың қанша түрі мекендейді ?

- Қолымыздағы дерекке сүйенсек, қазақ даласында құстардың 18 отрядқа жататын 489 түрі бар. Оларды мекен ету ортасына қарай орман, ашық дала, батпақты-шалшықты және су құстары деп қарастырады. Олардың бірі – жыл құстары болса, ендігісі – жыртқыш, тағы бірі – қысы-жазы еліміздің тау-тасы мен даласында тұрақты мекен етеді.

Ал Сыр өңірінде жылма-жыл 160-тан астам құстар ұялайды. Олардың 50-ден астам түрі ұшып өткенде кездеседі. Кейбір жылдары қыс жылы болғанда ұя жасайтын құстардың саны көбейеді. Негізінен бізде құстың 19 түрі қыстайды. Облыс байтағында 300-ге жуық құстың түрі бар. Кейінгі жылдары Сырдария суының Арал айдынына толық жетпеуі табиғатқа елеулі зиянын тигізді. Ол дария жағасындағы тоғайда мекендейтін құстардың сиреп кетуіне әкеліп соқты.

Өткен жылдың сәуір айында Қызылорда қаласының орталығындағы «Арай» жағажайында төрт аққу жүзіп жүргенін көзіміз көрді. Әдетте, ол біздің өңірде көп кездесе бермейтін көрініс. Сондықтан оны жақсылықтың белгісі деп топшыладық.

- Қазақ халқы құстарды қасиетіне қарай лайықты бағалайды. Мәселен, бүркіт, аққу, қарлығаш секілді қанаттыларға құрметпен қараймыз. Бұл құстардың ерекшелігі қандай? Өзініңіздің зерттеуіңіз барысында соған назар аударып көрдіңіз бе ?

- Рас, халқымыз қасиетіне қарап бүркітті құс патшасы деп бағалайды. Ол ел арасында өзінің кербез де паң, тәкаппарлығымен танылған. Келбетіне қарай оны көк аспанмен, құзар шыңға теңейтінін бала кезімізден құлағымызға құйып, зердемізге тоқып өстік. Ата-бабамыз бүркітті «дала қыраны», «көк тәңірісі», «мұзбалақ», «қайсар мінезді» деп қастерлеген. Бүркіт - жеті қазынаның бірі, ол жігіттің сәйгүлігімен қатар аталады. Оны кие тұтады, қауырсыны мен мамығын, құйрығын немесе тұяғын үйдің төріне іледі. Бесіктің бас жағында тұрғанын да көрдік. Бұл - «пәле-жала, жын-шайтан қашады» деген наным-сенімнің нышаны. Құс патшасы қорегінің тазасын жейді, лас, харам жерден өзін алыс ұстайды.

- Ал айдында жүзген аққу мен адамның жанашыры қарлығаш қандай қасиеттерімен ерекшеленеді ?

- Қазақ түсінігіндегі тағы бір киелі құс – аққу. «Аққуды атпа, киесі ұрады» деген тектен-текке айтылмаса керек-ті. Сол қағидаға сүйенген халқымыз оған мылтық кеземейді. Ол – қазақ түсінігінде сұлулық пен махаббаттың бейнесі. Әсілінде махаббатқа беріктігіне қарай оны пәк, таза, құс төресі деп бағалаған. Аққудың көптің көңіл бөліп, елей бермейтін тағы бір тұсы бар. Әдетте, сыңары өлсе, өзіне-өзі өлім шақырып, көкке көтеріліп жерге құлайды деген әңгіме елдің ішінде жиі айтылады.

Халқымыз қарлығашты да киелі құс деп бағалайды. Жыл құсы саналатын қарлығаштың ұясын бұзбайды, балапанына тиіспейді. Ол ұя салған үй мен қораны киелі санайды. Қарлығаш елге оралғанда жақсылыққа балайды. Тіпті, «Қарлығаш әулие» атанған Төле биден қалған аңызды бәріміз білеміз. Немесе бала кезімізде көретін үш-төрт мультфильмнің бірі – «Қарлығаштың құйрығы неге айыр» еді. Онда адамды қорғап қалуы суреттелген.

- Сондай-ақ, құстар ауа райын алдын ала болжайды деген әңгімелер айтылады. Бұл жөнінде не айтасыз ?

- Көкте қалықтаған қанаттылардың мінез-құлқы мен іс-әрекеті арқылы қазақ халқы ауа-райын болжап отырған. Қарлығаш жер бауырлап ұшса жауын жауады деп болжаған. Ғалымдар зерттеп қараса, олардың жер бауырлап ұшуы қарлығаштардың азығына байланысты. Яғни, кешкісін күн ашық кезде әуеде асыр сала ары-бері ұшқан құсты көресіз. Бізге ол құдды ойнап жүргендей сезіледі. Расында, бұл сәтте көктегі шіркейлерді қуып, азығын жеп жүреді. Негізінде жаңбырдың алдында ауа ылғалдылығы жоғарылайды, майда жәндіктердің қанаттары ылғалданады. Сондықтан олар ауаның төменгі қабатына түседі. Соған орай қарлығаш та төмен, жер бауырлап ұшады. Міне табиғаттың кереметтігі, бірінің өмірі бірімен байланысты екенін осыдан-ақ көруге болады.

Тез ұшатын үкі, жапалақ және өзге жыртқыш құстардың көзі жақсы жетілген. Иіс сезу көп құста жоқ. Ал дыбыс есту қабілеті жақсы дамыған. Құстардың көру және есту органдарының жақсы дамуы олардың алыс және жақын кеңістікті игеруіне септігін тигізеді. Сол арқылы мезгілімен қоныс аударуына жағдай жасайды. Құстар өсімдіктерді тозаңдандырып, олардың тұқымдарын таратады. Зиянды жәндіктер мен кемірушілерді құртып, олардың табиғаттағы санын реттеуге қатысады.

1868 жылы Австрия астанасы Вена қаласында алғаш рет құстарды қорғау туралы ресми шешім қабылданған. 1922 жылы Құстарды қорғаудың халықаралық кеңесі құрылды. Халықаралық табиғат қорғау одағының «Қызыл кітабына» құстардың 209 түрі мен 83 түр тармағы енгізілген. Ал, Қазақстанның «Қызыл кітабынад» олардың 56 түрі бар.

Құс - табиғат байлығы. Көктемде олар оңтүстіктен оралады. Құс табиғатқа көрік беріп тұрады. Олардың тіршілігі орман, бау-бақша зиянкестерді жоюмен тікелей байланысты. Осылайша адамға көп көмегін тигізеді.

- Әңгімеңізге рақмет.


Соңғы жаңалықтар