Қызылордалық еріктілер қиын жағдайда қалған азаматтарға қолдау көрсетіп келеді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада еріктілер штабының «Сабақтастық» бағыты бойынша көптеген жұмыстар атқарылып келеді. Осы мақсатта «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылында тәрбие алып жатқан өрендерге, өмірде қиын жағдайда қалған жастарға қолдау көрсету бағытында игілікті іс-шаралар жүзеге асты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен еріктілер жылы болып жарияланғаны белгілі. Осыған орай Қызылорда облысында жан-жақты жұмыс атқарудың нақты жоспары белгіленді. Біз «Сабақтастық» бағыты бойынша жұмыс атқаратын болдық. Алғашқы екі айда біршама жұмысты жүзеге асырып үлгердік. Әлемді дендеген қатерлі дерт салдарынан кейбір жобаларды кейінге шегеруге тура келді. Десе де карантин кезінде де ізгі істерді жалғастыруға мүмкіндік болды», - деді еріктілер штабы «Сабақтастық» бағытының жетекшісі Болатбек Айтбенбетов.

Қызылорда облысында қатерлі дерт салдарынан жарияланған төтенше жағдай кезінде бұл бағытта жұмыс істеген еріктілер жұртшылыққа бетперде таратып, «Biz birgemiz» акциясы аясында тұрмысы төмен отбасыларға берілетін азық-түлікті іріктеу және тарату жұмыстарына белсене қатысты. Осылайша еріктілер қалалық жұмыспен қаму орталығының қызметкерлерімен бірлескен жұмыстарды атқарды.

«Осы мақсатта «Қамқорлық» дағдарыс орталығында тұрып жатқан адамдарға қол ұшын соза алдық. Карантинге байланысты оларға бетперде таратылды. Басты мақсатымыз - төтенше жағдай уақытында өңірдегі барлық отбасының тұрмыстық жағдайына оң ықпалымызды тигізу», - деді Б. Айтбенбетов.

«Қамқорлық» дағдарыс орталығы Қызылорда қаласында бірнеше жылдан бері қызмет атқарып келеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа душар болған әйелдер отбасындағы қиындыққа шыдамай аталмыш орталыққа келеді. Көп жағдайда олар мұнда балаларымен келуге мәжбүр. Бұл сәтте оларға психологиялық тұрғыдан көмектесуіміз тиіс. Біздің бағыт бойынша осы мақсатта бірқатар жұмыстар жүргізілді. Қазір Қызылорда облысында балалар үйі жоқ. Оның орнына «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылы қызмет көрсетеді. Біздің бағытымыз бойынша еріктілер осындай іс-шаралар жоспарымен жұмысын жүргізеді. Төтенше жағдайға байланысты біз жоспарланған жобаларды кейінге қалдырып отырмыз. Алдағы күндерде ол қайта жалғасады деген сенімдеміз», - деді Б.Айтпенбетов.

Осылайша қызылордалық еріктілер иілікті істердің ұйытқысы болып жүр. Қашанда «Жақсы істің сауабы мол» деген сөзді қағида еткен олар сол ізгілік жолында нәтижелі істер атқаруға ниет танытып отыр.

Соңғы жаңалықтар