Қызылордалық еңбеккерлері елордада жәрмеңкеде ауыл шаруашылығы өнімдерін ұсынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлері елордада екі күндік дәстүрлі жәрмеңке өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жәрмеңкеде қызылордалық еңбеккерлер «Хан Шатыры» сауда орталығының жанында бас қала тұрғындарына өз тарту-таралғысын жасады.

Жәрмеңкеде Сырдың диқандары мен кәсіпорындары 40 жүк автокөлігімен 400 тоннаға жуық өнімді елордалық тұрғындарға ұсынды. Олардың жалпы құны - 100 млн теңге.

Арқа төріндегі тұрғындар Қызылорда облысының брендіне айналған ақ күріш, балығы мен ас тұзы, қауыны мен қарбызынан дәм татты. Жәрмеңкеге 140 тонна күріш, 20 тонна балық және балық өнімдері, 150 тонна бақша, 40 тонна асқабақ, 40 тонна көкөніс пен жеміс-жидектер, 3 тонна ас тұзы, 5 тонна сүт және кондитер өнімдері жеткізілді.

Айта кету керек, жәрмеңкеде карантин талаптары сақталып, тауар ұсынушылар дезинфекциялық құралдармен толық қамтылған.

Айта кетерлігі, Қызылорда өңірінде ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру және агроөнеркәсіптік кешен жүйесін тиімді жүргізу мәселелері жолға қойылған. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығының ішінде аймақтың аграрлық саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді.

Атап айтқанда, соңғы 10 жылда (2020 жылды 2010 жылмен салыстырғанда) облыстың жалпы өңірлік өнім құрылымдағы ауыл шаруашылығының үлесі 4,3%-дан 5,9%-ға дейін ұлғайған.

Мал шаруашылығын дамыту бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде ірі қара мал басы 1,5 есе, жылқы 2,3 есе, түйе 2 есе өсті.

Биылғы жылы да облыстың жалпы егіс көлемі 3,9 мың гектарға ұлғайып, барлығы 188,1 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде дәндi дақылдар 96,6 мың гектар, майлы дақылдар 6,7 мың гектар, мал азықтық дақылдар 66,4 мың гектар, картоп, көкөнiс, бақша 18,3 мың гектарды құрады. Негізгі дақыл күрiштің көлемі 83,6 мың гектар.

Егілген күріштен жоғары өнім алу мақсатында күріш егісіне 100 пайыз жоғары репродукциялы тұқымдар себілді.

Облыста күрішке орақ салу 26 тамызда басталды. Бүгінгі күні 4 716 гектар күрішке орақ салынып, оның 2 495 гектары бастырылды. Әр гектарынан орташа 42,3 центнерден өнім алынуда. Бүгінгі күнге облыста 242,7 мың тонна картоп, көкөніс, бақша және 20,2 мың тонна ет, 49,5 мың тонна сүт өндіріліп отыр.

Сыр елінің ауыл шаруашылығы өнімдері әлемнің 16 мемлекетіне экспортталуда. Экспортталған өнімнің 95 пайызы облыстың негізгі дақылы күріш өнімі Ресей, Қырғызстан, Беларусь, Әзірбайжан, Моңғол мемлекеті, Тәжікстан, Украина, Өзбекстан және Ирак мемелкеттеріне экспортқа шығуда.

Еске салсақ, Қызылордада бес жылда Арал теңіз ұлтанына 1,1 миллион гектар сексеуіл отырғызылады



Соңғы жаңалықтар