Қызылордалық диқандар «Сыр сұлуы» сортына алғаш рет орақ салды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада күріштің жаңа сорты өндіріске енгізілді. Сыр диқандары биыл «Сыр сұлуы» сортына алғаш рет орақ салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына жолдауында агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру қажеттігі атап көрсетілген.

Аталмыш сортты Қызылорда қаласындағы Ы. Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары шығарған. Жаңа сорт биыл тұңғыш рет өндіріске енгізілді. «Сыр сұлуы» Жалағаш ауданындағы «Таң ЛТД» шаруашылығындағы 8 гектар алқапқа егілді.

Институт ғалымдары бұл сорттың тұздылыққа және төменгі температураға төзімділігін айтады. Конкурстық сорт сынағы барысында оның өнімділігі гектарына 70-80 центнерді шамалады. Нәтижесінде стандартты деңгейден 4-7 гектарға дейін артық өнім берді. Ең жоғары өнім түптену фазасының басында және аяғында азот тыңайтқышымен үстеп қоректендіргенде алынды. Ғалымдар «Сыр сұлуы» сортын еліміздің күріш өсіретін барлық аймағында өндіріске енгізуге болатынын айтады. Бұл сорт ауа райының қолайсыз жағдайы мен топырақ ерекшелігіне де төзімді. Сондықтан оны өңірдің барлық күріш шаруашылығында өсіруге болады. Сол арқылы тұрақты өнім алуға барлық мүмкіндік бар. Өнім сапасы да көңілден шығады.

«Биыл күріштің «Сыр сұлуы», «Әйгерім» сорттарын егуді бастап кеттік. Бұл сорттардың өзге күріш және ресейлік сорттарынан көптеген артықшылығы бар. Алдағы жылы Сыр өңірінде егілетін күріш алқабының 20-25 пайызын отандық жаңа сорттармен қамтамасыз етеміз. 2021 жылға дейін олардың ауқымын 50-55 пайызға дейін арттыру межеленіп отыр», - деді Ы. Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институты бас директорының міндетін атқарушы Әсет Тоқтамысов.

Сыр өңірінде соңғы рет жергілікті күріш сорты 1983 жылы өндіріске енгізілген. Сол кезеңде қызылордалық диқандар «Маржан» сортынан егіп, одан мол өнімге негіз қалаған еді.


Соңғы жаңалықтар