Қызылордалық диқандар күрішке орақ салды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласына қарасты шаруашылықтар биыл күріштің жаңадан өндіріске енгізілген «Сыр сұлуы» сортының əр гектарынан 50-55 центнерден өнім алуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала əкімі Нұрлыбек Нəлібаев Қарауылтөбе ауылдық округінің егіс алқабында болып, күрішке алғашқы орақ салу рəсіміне қатысты. Аталған шараға жиналғандар алдымен ауыл шаруашылық саласының биылғы көрсеткіштері мен Ы.Жақаев атындағы «Қазақ күріш шарушылығы» ғылыми-зерттеу институты ЖШС-нің ғылыми жетістіктерімен танысты.


Биыл қала диқандары 8 мың 747 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырды. Оның ішінде 4 мыңнан астам гектарға күріш егілді.


«Алғашқы кезекте диқандардың еңбегін айта кеткеніміз абзал. Шаруа адамдары егіннен мол өнім жинау мақсатында жаздың аптабына қарамастан еселі еңбек етті.

Ендігі кезекте маңдай терінің жемісін шашпай-төкпей жинап алу міндеті тұр. Ол үшін қажетті техника сақадай сай, жұмыс күші жеткілікті. Биыл əр гектардан 50-55 центнер шамасында өнім алынады деп болжап отырмыз», - деді Ы.Жақаев атындағы

«Қазақ күріш шарушылығы» ғылыми-зерттеу институты ЖШС директорының орынбасары Рүстем Оңдашов.


Ғылыми-зерттеу институтына қарасты тəжірибе алаңындағы 275 гектарға жергілікті «Сыр сұлуы» сорты егілген болатын. Институт директоры Бақытжан

Дүйсембековтің айтуынша, отандық сорт басқа күріш түріне қарағанда суды аз қажет етеді. Аймақтың табиғи-климаттық, топырақ жəне мелиоративтік жағдайына бейімделген. Потенциалды өнімділігі мен дəмдік қасиеттері жоғары. Ору, бастыру жəне өңдеу кезіндегі механикалық əсерлерге төзімді. Соның нəтижесінде бүтін дəндердің жоғары шығымдылығын қамтамасыз етеді.


Биыл аймақтағы су тапшылығына байланысты қала диқандары егін шаруашылығын əртараптандыруға басымдық берді. Бұл бағытта 70 гектарға қант құмайын, 100 гектарға соя, 302 гектарға жаздық, 90 гектарға күздік бидай егілді.

«Əртараптандыруға уақытылы ден қоя білдік. Нəтижесінде биыл қалаға қарасты шаруашылықтарда су тапшылығы орын алған жоқ», - дейді қалалық ауыл

шаруашылық бөлімінің басшысы Дəулетбек Абдирасулов.

Қазіргі таңда бидай, сұлы, арпа, картоп, көкөніс, бақша дақылдары толығымен жиналды. Картоптың əр гектарына 127, арпадан 2,4, сұлыдан 4,7, жаздық бидайдан 12,2, күздік бидайдан 7, көкөністен 127,6, бақшадан 131 центнерден өнім алынуда.

Сондай-ақ, қызылордалық диқандар бау-бақша өнімдерін экспортқа шығармақ.


Соңғы жаңалықтар