Қызылордалық диқандар бау-бақша өнімдерін экспортқа шығармақ

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада жергілікті кәсіпкерлер голландиялық сорттар бойынша бау-бақша егіп, оны экспортқа шығаруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев олардың жұмысымен танысып, тиісті қолдау жасалатынын жеткізді.

2016 жылы «Іскер-М» ЖШС алғаш рет қала іргесіндегі Бірқазан елді мекенінде голландиялық бақша өнімдері тұқымдарын еккен. Осылайша оларды Сыр өңіріне жерсіндіру ісін қолға алды. Бастапқы кезеңде 16 гектар аумаққа 16 түрлі дақыл егілді. Олардың арасынан өнімділігі жоғары түрлері таңдап алынды.

Биыл аталған жұмыс Нидерландының «Rijk Zwaan» компаниясымен бірлескен жоба негізінде қолға алынды. Сол арқылы диқандар 7 түрлі өнім егу ісіне назар аударды. Мұндай дақылдар қатарында голландиялық тәтті жүгері, асқабақ пен қарбыз және қауынның «Пиель де Сапо», «Галия», «Панталупа», «Амморелло» түрлері бар.

«Бұл өнімдер ұзаққа сақталатындығы және ерекше дәмімен ерекшеленеді. Нарықта сұранысы жоғары. Қазірдің өзінде дақылдарға тапсырыс берушілер дайын. Алдағы уақытта экспортқа шығаруды да жоспарлап отырмыз», деді мекеме менеджері Арыстанбек Шайменов.

Бау-бақша алқабы тамшылатып суару жүйесі арқылы жұмыс істейді. Бұл аумақ соңғы үлгідегі заманауи құралдармен жабдықталған. Оны қашықтан басқару арқылы да суаруға болады.

Өнім түрлерімен танысқан қала басшысы олардың сапасына жоғары баға берді. Бау-бақша алқабы көлемін ұлғайту мүмкіндіктерін саралады. Серіктестік мүшелері қала басшысынан егіс көлемін ұлғайту мақсатында Бірқазан елді мекенінен қосымша жерді жалға алуды заң аясында шешіп беруін сұрады. Қала әкімі ол мәселенің екі апта ішінде шешімін табатындығын жеткізді. Сондай-ақ, бағбандарға берілетін жерге инфрақұрылым тарту мен субсидия бөлу мәселесіне де назар аударылды.

Айта кетсек, бұған дейін Қызылордада «Тағзым алаңы» қайта жаңғыртылатындығын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар