Қызылордалық әртістер Өзбекстанда «Нарком Жүргенов» спектаклін сахналады

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласындағы Н. Бекежанов атындағы драма театрдың әртістері Ташкент қаласында белгілі қаламгер Рақымжан Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» спектаклін сахналады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Іс-шара Тұңғыш Пезидент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде Өзбекстан Республикасындағы Қызылорда облысының мәдени күндері аясында ұйымдастырылды. Театр сапарының мақсаты - мемлекетаралық достықты нығайту, қазақ жұртының мәдени мұрасын, ұлттық өнерін насихаттау.

Айта кетейік, Қызылорда облысының Мәдени күндері аясында өзбек елінде «Орталық Азия мен Қазақстанның білімі мен мәдениетін дамытудағы Темірбек Жүргеновтің жасампаздық жолы» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті. Сондай-ақ, Навои қаласында «Сырдария - достық арнасы» атты Сыр елі өнер шеберлерінің концерті ұйымдастырылды. Концертке Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі қатысты. Мәдени шара барысында халықаралық, республикалық конкурстардың жеңімпаздары, Сыр өңірі жыраулық өнерінің өкілдері мен «Томирис» би ансамблі өнер көрсетті. Мерекелік думан барысында Қорқыт, Түркеш, Құрманғазы, Әлшекей сынды дала композиторлары мен кәсіби композиторлардың туындылары, әлемдік классикалық шығармалар мен қазақ және өзбек халықтарының би қойылымдары тарту етілді.


«Өзбек еліндегі Қызылорда облысының күндері аясында өткізілген шараларға жергілікті жұртшылық тарапынан ризашылық білдірілді. Олар Қазақстанның, оның ішінде Сыр өңірі өнер шеберлерінің туындыларына, олардың актерлік шеберліктеріне зор құрмет білдірді», - деді Қызылорда облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Әбуова.

Бұдан бұрын Өзбекстанда Қызылорда облысының Өнер күндері өткізілетінін хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар